
Облыс әкімдігінің отырысында ШҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанғазы Әліпбаев 2025–2026 жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады.
Өңірдің орта білім беру жүйесінде 347 мектеп жұмыс істейді. 1 қыркүйекке жоспарланған оқушылар контингенті – 99 мыңнан астам бала. 14 тамыздағы жағдай бойынша 9729 баланың 8664-і 1-сыныпқа қабылданды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3000 орынға арналған жеті мектептің құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні алты мектеп бойынша пайдалануға беру актілеріне қол қойылды, оқыту 1 қыркүйектен басталады.
Үш мектеп: Шемонаиха ауданы Шәкәрім атындағы №4 мектеп, Риддер қаласындағы №12 мектеп және Глубокое ауданындағы Опытное поле орта мектебі ескі ғимараттардың орнына салынды. Қазіргі уақытта Өскемен қаласында №41 мектептің құрылысы жалғасуда.
Сонымен қатар, Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Зайсан қаласында 300 орындық мектеп және облыстық бюджет қаражаты есебінен Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма кентінде мектеп ғимараты салынды.
Білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға келсек, «1300 мектепті реновациялау» жобасы аясында облыста 2027 жылға дейін 21 мектепті жаңарту жоспарланған. Биыл бес мектепте: Шемонаиха ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп, Самар ауданындағы №1 Самар орта мектебі, Өскемен қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы №38 гимназия, Тарбағатай ауданындағы Қойған орта мектебі және Риддер қаласындағы №14 орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге, шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық жерлерде 50 мектепті жыл соңына дейін жаңғырту жоспарлануда.
Жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биыл химия, физика, биология, STEM және робототехника бағытындағы 40 пәндік кабинет жеткізіледі. 4,5 мың оқушыны мектепке тасымалдау 103 оқу орнында ұйымдастырылған, оған 127 мектеп автобусы тартылған.
Барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.
2025–2026 оқу жылынан бастап өңір мектептері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жалғасы болып табылатын жаңа «Адал азамат» тәрбие жұмысын жүзеге асырады. Ерекше назар «Заң және тәртіп» бағытына және мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын күшейтуге аударылатын болады.
Инклюзивті білім беру аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға түзету қолдауын көрсету үшін 29 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Өңірде 1238 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрады, олар үшін жеті мекеме қызмет көрсетеді.
Оқушыларға арналған оқулықтарды жеткізу және тарату жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталады.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, жаңа 2025–2026 оқу жылына дайындық жұмыстары ерекше бақылауда тұр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1053967?lang=kk
Жауап қалдыру