Түркістан облысында «Білім келешегі: Адал азамат-кәсіби маман» тақырыбындағы мектепке дейінгі ұйым педагогтердің облыстық тамыз секция отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов мен аудандық және қалалық білім бөлімдерінің мамандары, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері қатысты.
Ғалымжан Қалдыкөзұлы сөз бастап, баяндамасында облыстағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға қысқаша тарихи шолу жасап, жеке сектордың үлесін, соның ішінде үй-жайларда ашылған балабақшалардың рөлін атап өтіп, қазіргі нормативтік талаптар мен сапаны қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталды.
– Біздің басты қағидатымыз айқын – баланың қауіпсіздігі! Бұл таңдауға емес, талапқа жатады. ҚР Оқу-ағарту минтстрлігінің №381 бұйрығына сәйкес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жылына бір рет мониторинг жүргізілуде. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, инфрақұрылым мен құжат айналымындағы ұсақ кемшілік жоқ. Сондықтан қағида талаптарын бұлжытпай орындап, мемлекеттік тапсырысты қалпына келтірудің және сапалы қызмет көрсетудің бірден-бір кепілі. Сонымен қатар бабабақшаларда қауіпсіздік жүйелеріне қосылуын қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып отыр. Мемлекет басшысының қауіпсіздікпен 100% жарақтандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік, жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бейнекамераларын Полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығару бойынша Білім басқармасы тарапынан Полиция департаменті және Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасымен үш жақты жоспар түзіп, бекітілді, – деді Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов.
Секция отырысында мектепке дейінгі тәрбиенің заманауи талаптары айтылып, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру жайы да сөз болды. Ұлттық құндылықтарды бала тәрбиесіне сіңіруді алға тартып, жаңа оқу жылындағы негізгі бағыттар талқыланды. Шара барысында тәжірибе алмасу алаңы құрылып, үздік әдістемелер ұсынылды. Бұл жиын мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға, жас ұрпақты елжанды, адал азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болды.
Сондай-ақ облыста ваучерлік қаржыландыруды енгізу пилоттық жобасы 6 аудан-қаладағы 794 мектепке дейінгі ұйымда жүзеге асырылуда. Жаңа бастаманы алғашқылардың бірі болып, Түркістан қаласы, Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал, Сайрам аудандары сынақтан өткізді. Қазан айында қалған 11 аудан, қала ваучерлік қаржыландыру жүйесіне өтетін болады. 2024-2025 жылдары елімізде мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға көшу басталды. Бұл жүйе ата-ана таңдауын күшейтіп, жеке және мемлекеттік сектор арасында әділ бәсекені қалыптастырады.
Түркістан облысындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылындағы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы аясындағы Жол картасын басшылыққа алады. Мектепке дейінгі ұйымдарда консультациялық пункттер ашу үшін өңір бөлінісінде; жол картасы аясында 2024 жылы 26-пункт, 2025 жылы-50 пункт ашу жоспарланған болса, осы көрсеткіш толығымен орындалып, қазіргі таңда 528 консультациялық пункттер жұмыс істейді. Консультациялық пункт құру көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға, отбасының тұрмысы мен қаржылық жағдайын жақсартуға, ата-аналардың жүктемесін азайтуға, аналардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Секция отырысы соңында, бірқатар балабақша меңгерушілері марапатталды. Олардың қатарында ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова атынан «Үздік балабақша – 2025» мараптын өңірдегі 5 балабақшаға табыстады. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың атынан білім саласына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хатымен 8 балабақша меңгерушісі марапатталды.
Айта кетейік, Түркістан облысында Тамыз кеңесі аясында, жоспарға сәйкес білім беру жүйесінің бағыттары бойынша пленарлық секциялар жүргізілуде. Бұл жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар мен жоспарларды айқындайтын бастама.
Жауап қалдыру