
Жетісу облысы алдағы жылыту маусымына дайындықты бастады
Өңірде тұрғын үй секторындағы өрттердің үлесі жоғары. Өткен жылыту кезеңінде олардың саны 36%-ға өсті. Атап айтсақ, 187 жағдай тіркеліп, 14 адам қаза тапты. Өрттердің негізгі себептері – ескі пештер мен электр желілерін дұрыс пайдаланбау.
Қауіпсіздікті күшейту мақсатында 15 тамыздан 1 қазанға дейін «Өрт қауіпсіздігі айлығы» өткізіліп жатыр. Әлеуметтік әлсіз отбасылардың үйлерінде түтін мен газ датчиктері орнатылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен маусымда мұндай датчиктер 936 отбасыға қойылған, биыл да бұл жұмыс жалғасады.
Жылыту маусымына дайындық үшін бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 6,6 млрд теңге жылу нысандарын жөндеуге, 8,2 млрд теңге отын алуға бағытталды. Қазіргі уақытта жылу және электр инфрақұрылымының дайындығы 84%-ға жетті.
Талдықорғандағы негізгі жылу көзі – «Басқуат» қазандығының тозу деңгейі 85%. Оны жаңғыртып, газға көшіру жобасы әзірленіп жатыр. Қосымша қазандықтар мен газтурбиналық станцияның құрылысы жүріп, бұл нысанға түсетін жүктемені азайту жоспарлануда. Ал Текелі қаласында ЖЭО-ны кеңейту басталды.
Аймақтағы халықтың көмірге қажеттілігі – 397 мың тонна. Бүгінгі күні 52 мың тонна сатылып, қоймаларда 24 мың тонна бар. Орташа баға 20-31 мың теңге аралығында. Әкімдіктер тұрғындарды көмірді алдын ала сатып алуға шақырады.
Төтенше жағдайлар қызметі жылыту маусымы басталғанға дейін пештерді жөндеп, мұржаларды тазалап, ескі сымдарды ауыстыру қажеттігін еске салады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1053836?lang=kk
Жауап қалдыру