Аудан орталығы Шаян елді мекенінде көптен күткен қуанышты сәт орын алды. Жаңа 2 қабатты, 8 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 8 отбасы баспаналы болды.
Бұл игі істің жүзеге асуына мердігер мекеме – «Мөлдір бұлақ суы» атсалысып, жоба құны 105,040 млн теңгені құрады.
Қуанышты сәттің куәсі болған қоныс иелеріне аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушысы Бақыт Тұрсынәліұлы Қырғызалиев пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, ізгі тілегін жеткізді.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай да жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспананың босағасын шаттыққа толтырсын деген ыстық лебізін білдірді.
Жаңа қоныс иелері үшін бұл күн – көптен күткен арманның орындалған қуанышы. Жаңа пәтер кілтін қолына алған тұрғындар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, қуанышты сәттерін отбасы мүшелерімен бөлісті. Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың алғысы бұл мерекелік күннің сәнін аша түсті.
Жауап қалдыру