
Парақорлық немесе тұрмыстық жемқорлық қоғамда өршіп тұр. Бұл тіпті болуға тиіс нәрсе сияқты қабылданады. Шенеуніктерге немесе кандай да бір лауазым иесіне пара беру арқылы қызметті сатып алу, жұмысқа орналасу, жер телімдерін кезексіз алу, оқымай диплом алу сияқты заңсыз әрекеттер тоқтамай келеді. Пара – тек ақша беру емес. Оған бағалы қағаздар, басқа мүлік, мүліктік құқық немесе мүліктік пайда, қызмет көрсету (мейрамханаларда, көлік жуу немес жөндеу орындарында), туристік сапарлар, көлік құралдарын ұсыну, қосымша білім алу, басқа да толып жатқан қызметтерді лауазымын пайдаланып, өз пайдасына шешуге тырысу, біреудің еңбегін бағаламау немесе ақысын жеу, болмаса әлдебір қылмысты жасыру үшін берілетін ақша да пара болып есептеледі.
Мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адам өзі немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оқың өкілі болған адамның пайдасына жасаған әрекеті (әрекетсіздігі) арқылы заңсыз іс-әрекетке жол берсе, сол сияқты ол адамдарға қамқоршылық жасаса, бұл парақорлық болып есептеледі.
Қылмыстық құқықта мемлекеттік қызметкердің ресми құжаттарға жалған мәліметтерді енгізуі не көрнеу жалған, қолдан жасалған құжат беруі мемлекеттік қызмет пен мүдделерге қарсы қылмыс болып табылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес пара берген және алған адам қылмыскер болып саналады. Осыған байланысты «Бір пара, екі қылмыскер» тіркесі пайда болды. Яғни, берген де, алған да кінәлі.Параны уәде еткені де (ұсыну немесе емеурін жасау) қылмыстық жаукапкершілікке әкелетін жол. Бүгінгі күні, жасыратыны жоқ, пара беріп, мәселе шешу үйреншікті дағдыға айналды. Халық арасында «жұмысқа кіру үшін мықты танысың, не миллиондарың болуы керек» деген сөз бар. Демек, мәселе әлі де өзекті.
Осы қатерлі дағдылардан бой тартып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Қарақия ауданында да кешенді жұмыстар жүзеге асып жатыр. Адалдық, парасаттыллық қағидаты бойынша ақпараттық-ағартушылық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Қарақия аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысын жүзеге асырып жатқан «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қоры ауданның барлық елді – мекендерінде халықпен, мемлекеттік қызметкерлермен, жастар ұйымдары өкілдерімен кездесулер ұйымдастырды. Түрлі саланың мамандарынан құралған спикерлердің басты тақырыбы – адалдық, парасаттылық идеясына негізделген әділ қоғам құру миссиясынан аға ұрпақтың алар орны; Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2020-2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасын түсіндіру, сыбайлас жемқорлықтың алды алу; жас ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Әбіл Нұртай
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-karakiya/press/news/details/1054675?lang=kk
Жауап қалдыру