
Қолөнер шеберлері бас қосты
Ұлттық мұраны ұлықтау, ата-бабамыздың көне өнерін жаңғыртып, жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдениет үйінде “Ұмытылмаған ұлттық қолөнер” аудандық байқауы өтті.
Байқауға ауданға қарасты ауылдық округтерден қолөнер шеберлері қатысты. Қатысушылар өз туындылары арқылы қазақ халқының бай мәдениетін, шеберлігін, өнерге деген ықыласын паш етті.
Көрмеге қойылған бұйымдардың қатарында оюлы көрпешелер, ағаштан ойылған тұрмыстық бұйымдар мен зергерлік әшекейлер де бар.
Іс-шара барысында қатысушылар көрермендерге өз бұйымдарын таныстырып қана қоймай, олардың жасалу технологиясымен бөлісті. Шараға арнайы шақырылған қазылар алқасы бұйымдардың сапасы мен көркемдік шешімін, тарихи үндестігін, орындау техникасын бағалады.
Шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Аманшаұлы сөз сөйлеп, ұлттық өнердің маңызын атап өтті.
– Қолөнер бұл біздің халқымыздың жан дүниесін, рухани болмысын, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін асыл қазына. Әжелеріміздің шеберлігі, ата-бабаларымыздан жеткен ою-өрнек пен зергерлік бұйымдардың барлығы ұлттық кодтың ажырамас бөлігі. Осындай бай мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.
Қуантарлығы, бүгінгі байқауға қатысқан шеберлердің ішінде жастардың көп болуы. Бұл халқымыздың өнері өлмейді, жаңғырады деген сөз. Біз алдағы уақытта да қолөнерді насихаттауға, осындай шараларды дәстүрлі түрде өткізуге ниеттіміз. Өйткені ұлттық өнерді дәріптеу ұлтты сүюдің бір көрінісі, – деді.
Байқау қорытындысында І орынды қаратөбелік Жаңыл Мамбетярова жеңіпалды. Ал ІІ орынды саралжындық Ризабек Бақытжан мен шөптікөлдік Әлихан Темірханға алса, ІІІ орын қаратөбелік Асыл Ғабдушева, үшағаштық Мәрия Хамзина, жусандыойлық Ағырыс Айғожинаға бұйырды.
Жеңімпаздар дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1054424?lang=kk
Жауап қалдыру