
Сарыағаш ауданына қарасты Қызылжар ауылдық округінде жаңа оқу жылы қарсаңында тұрғындар – асар негізінде игі бастама көтеріп, ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және асыраушысынан айырылған отбасыларға қолдау көрсетті. Ауыл тұрғындарының ортақ ниетімен, ерікті түрде жиналған көмектің арқасында 21 оқушыға мектеп формасы, аяқ киім, сөмке және оқу құралдары табысталды.
Бұл – ауыл тұрғындарының бір-біріне деген жанашырлығы мен өзара қамқорлығының жарқын көрінісі. Балалардың қуанышты күлкісі мен ризашылыққа толы жүздері – осы ізгі істің шынайы нәтижесі. Қызылжарлықтар әрдайым «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген ұстанымды басшылыққа алып, бірлік пен бауырмалдықтың арқасында ауылда түрлі әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетсек, Қызылжар ауылдық округі облыстық «Үлгілі ауыл» байқауына қатысуда. Ауылдың басты құндылығы – оның тұрғындарының ауызбіршілігі, татулығы және адамгершілікке толы қарым-қатынасы. Осындай қайырымдылық шаралары ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1054762?lang=kk
Жауап қалдыру