Түркістанда «Түркінің төрі – Түркістан» республикалық жас ақындар айтысы басталды. Еліміздің әр өңірінен келген 12 қатысушы көрерменге ерекше айтыс үлгісін көрсетіп жатыр. Айтысқа облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқару хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантөреева қатысып, сәттілік тіледі.
Жыр додасын айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Өнер мектебінің» директоры Тұрар Тілеулиев жүргізіп отыр. Сондай-ақ «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, Бөрібай Оразымбет, Өміржан Көпбосын қазылық етуде. Ал айтыстың сарапшысы – Бекмұрат Анарбаев.
Биыл еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған байланысты ұйымдастырылған жыр додасы ел дамуының тірегі еңбек адамын дәріптеуді, жастарды еңбексүйгіштік пен отансүйгіштікке баулуды, Түркістан қаласында ұлттық руханиятты насихаттау, қазақ айтыс өнерінің қос бірдей тұлғасының өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етуді көздейді.
Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасындағы жыр додасы айтыс өнерінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған, Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері, Түркістан облысының құрметті азаматы Әселхан Қалыбекованың 75 жылдығына және Түркістан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, танымал айтыскер ақын Әбдікерім Манаптың 70 жылдығына арналған.
Талантты жас ақындар рухани астана төрінде елдік мүдде, ұлттық рух, еңбек адамдарының мәртебесі, тарихи тұлғалар мұрасы сынды тақырыптарды жырға арқау етіп жатыр.
Айта кетейік, айтысты облыс әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен облыстық Мәдениет басқармасы мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының Түркістан облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының баспасөз қызметі
Жауап қалдыру