
Бүгін Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында «Спорт күні» мерекесі мен 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, футболдан әуесқой командалар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған Түркістан облысы чемпионатының ақтық кезеңі өтті. Тартысты финалдық ойында ауданымыздың «Ордабасы» командасы «Қазығұрт» футболшыларын 5-3 есебімен тізе бүктіріп, жалпы есепте үздік үштіктен көрінді.
Тарқатып айтсақ, Түркістан облысының бұл чемпионаты ерекше қызықты әрі тартысты өтті. Чемпионат екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең ауылдық округтер деңгейінде өткізіліп, оған облыстың барлық аудан-қалаларынан 186 командадан 3300-ге жуық футболшы қатысты. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үздіктер екінші айналымға жолдама алды. Мұнда 3 қала мен 14 ауданның құрамалары төрт аймаққа бөлініп, финалдық кезеңге берілетін жолдама үшін бақ сынады. Одан кейін әр ауданнан жасақталған 17 команда өзара бәсекелесіп, үздік атану үшін барын салды. Олар техникалық шеберліктерін, ойын тактикасын және физикалық дайындығын көрсетті. Чемпионаттың алғашқы кезеңдерінде қатысушы командалар аймақтық кездесулерде жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Ақтық кезеңге шыққан командалардың ойындары жоғары деңгейде өтті. Әр команда өз ойындарында жылдамдық пен күшті үйлестіріп, жанкүйерлердің қолдауын сезініп, барынша күрделі тактикалар қолданды.
«Ордабасы» командасы ең мықты қарсыластармен күш сынасып, олардың техникалық шеберлігі мен командалық бірлігі финалдық бәсекеде үлкен рөл атқарды. Олардың тактикалық тұрғыдан ойластырылған қимылдары мен ойын ережелеріне сәйкес әрекеттері үздік нәтиже берді.
Команданың үздік үштікке енуі — тек спорттық жеңіс қана емес, сонымен қатар туған жердің атын шығару және жергілікті жастарға үлкен үлгі боларлық іс екені анық.
Айта кетерлігі, «Ордабасы» командасының жеңіске жету жолында жанкүйерлердің қолдауы ерекше рөл атқарды. Командамыздың ойындары кезінде трибуналарда ауданымыздың жанкүйерлері белсенді түрде қолдап, әр сәтті бірге сезінді.
Бүгінгі финалға да аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз, аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұриддин Асанбаев және аудан азаматтары арнайы барып, футболшыларымызға ерекше қолдау көрсетті. Спортшылардың ерік-жігері осындай қолдаумен арта түсті.
Бұл іс-шаралар жастарды дене шынықтыру мен спортқа тартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға зор мүмкіндік береді.
Бүгінгі жеңіс алдағы уақытта ауданның футболшылары түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда бақ сынап, облыстың, елдің абыройын арттырады деген сенімге негіз болды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1055314?lang=kk
Жауап қалдыру