14 тамыз күні, аудандық кітапханада ерекше мәні бар жылы жүздесу – «Память, за собой позови!» кітабының тұсаукесері өтті.
Авторы – Жітіқара ауданының Құрметті азаматы, тың игеруші, еңбек ардагері Мария Ивановна Калинина.
Өзінің туған өлкенің тарихын жылдар бойы ұқыппен жинап, сақтап жүрген Мария Ивановна бұл кітапқа жерлестерінің естеліктерін, Жітіқара ауданының тағдырымен тығыз байланысты адамдардың өмір жолдарын арқау етті. Басылым беттерінде автордың жеке толғаныстары мен бай өлкетану деректері тоғысып, ауданның қалыптасу кезеңдері, тұрғындарының қуанышы мен қиындығы шынайы суреттелген. Мұнда көрнекті жерлестердің өмірбаяндары да, туған жер тарихының ажырамас бөлігіне айналған қарапайым жандардың тағдырлары да бар.
Тұсаукесерге жиналған зал лық толды. Шараны Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Ф. Г. Балашов ашып, авторды кітаптың жарық көруімен құттықтады. Ол мұндай еңбектердің тарихи жадыны сақтауда және жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін тәрбиелеуде маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ М. Калинина еңбегінің аудан тұрғындары үшін үлкен сый екенін және кітаптың кітапхана қорынан лайықты орын алатынына сенім білдірді.
Қонақтар қатарында Ардагерлер кеңесі, жергілікті атқарушы орган мен «Аманат» партиясының өкілдері, автордың жерлестері мен достары болды. Көпшілік кітап кейіпкерлерінен өз туыстарын, таныстарын танып жатты.
Кездесу барысында Мария Ивановна кітапты жазу барысы жайлы айтып, басты мақсаты – өткенді ұмытпай, оны келер ұрпаққа жеткізу екенін ерекше атап өтті. Шара жылы да достық көңіл күйде өтті: қонақтар өз естеліктерімен бөлісіп, сұрақтар қойып, автордың қолтаңбасы бар кітап алды.
Іс-шараның жарқын сәті – қызыл лентаны қию рәсімі болды. Бұл құрмет автордың өзіне және жас ақын, бірнеше өлең байқауларының жеңімпазы А. Елшибаевқа тапсырылды. Бұл сәт кітаптың ресми ғана емес, оқырман жүрегіне жол тартқан символдық «жарыққа шығуын» білдірді.
«Память, за собой позови!» кітабының тұсаукесері Жітіқара ауданының мәдени және тарихи мұрасын сақтау ісіне қосылған маңызды үлес болды. Бұл – туған жер тарихын жасаған адамдарға қойылған тірі ескерткіш.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-zhitikarin-audany-akimat/press/news/details/1055030?lang=kk
Жауап қалдыру