Ақтөбелік ұстаз Мемлекет басшысының қолынан марапат алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Қазақстандағы білім беру саласының басты оқиғасына айналған республикалық тамыз конференциясы өз мәресіне жетті. Биылғы шара «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» деген атаумен мыңдаған мұғалімдерді, мектеп басшыларын, сарапшылар мен билік өкілдерін бір алаңда тоғыстырды.
Конференцияның ең айшықты сәттерінің бірі – еліміздің үздік педагогтеріне мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімі болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысы дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқу ісі жөніндегі орынбасары, математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Сәбитов Аян Баянбекұлын “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапаттады.
Аян Баянбекұлы – мол тәжірибесі бар, білікті ұстаз. Оның шәкірттері жыл сайын Л. Эйлер атындағы олимпиада, Иран геометрия олимпиадасы, Шарыгин олимпиадасы, Қазақстан математикалық олимпиадасы, «Math Battle» турнирі сияқты беделді республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар, ол өңірдегі Advanced Placement (AP) бағдарламасының үйлестірушісі болып табылады.
Кәсіби шеберлігі мен білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Аян Баянбекұлы бұған дейін «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен және Білім және ғылым министрінің «Білім беру үздігі» құрмет грамотасымен марапатталған.
Мемлекет басшысының қолынан табыс етілген бұл марапат – ұстаздың көп жылғы еңбегінің, жас ұрпақтың талантын шыңдауға және Ақтөбе облысы мен еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға қосқан үлесінің лайықты бағасы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1055100?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді