Мемлекеттік қолдау Қазақстандағы құс шаруашылығының дамуына жаңа серпін берді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

20 жылдық тәжірибесі бар 15 кәсіпорынды біріктіретін «Aitas» компаниясы агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында өндірістік көрсеткіштердің айтарлықтай өскенін және экспорттық әлеуеттің артқанын атап өтуде.

Бүгінде компанияда 5 000-нан астам адам жұмыс істейді, ал құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жалпы инвестициялар көлемі 109 миллиард теңгеден асты. Өнім Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне табысты экспортталуда. Алдағы уақытта «Aitas» Қытай нарығына да шығуды жоспарлап отыр.

Мемлекет қолдауының нәтижесінде соңғы 5 жылда компания өндіріс көлемін 5,5 есеге арттырып, жылына 160 мың тоннаға жеткізді. Бұл субсидиялау тетіктерін және шаруалар үшін қолжетімді қаржыландыруды енгізудің арқасында мүмкін болды.

Бүгінде ішкі сұраныс құс жұмыртқасына толықтай отандық өнім есебінен қамтамасыз етілуде, ал құс еті бойынша импортқа тәуелділік жыл сайын азайып келеді.

2024 жылдан бастап Үкімет қаржыландыру тәсілдерін қайта қарады. Оған маусымдық егіс жұмыстарын, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беруді, өнім мен азық-түлікті қайта өңдеуді қаржыландыру кіреді. Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын жаңа жеңілдетілген несие бағдарламалары енгізілді.

«Мәселен, 2024 жылы АӨК-де жеңілдетілген қаржыландыру көлемі алғаш рет 580 млрд теңгеден асты, ал биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңге бөлінді. Бұл, сөзсіз, агросектордың жедел өсуіне жағдай жасады. Белгілі болғандай, биыл өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен 44 млрд теңге бөлінді. Жеңілдетілген несиелеудің қайта өңдеу саласына таралуы бүкіл саланың өсуіндегі маңызды драйвер бола алады», – деді «Aitas-KZ» АҚ холдингінің сыртқы байланыстар және GR жөніндегі вице-президенті Рабиға Тоқсейітова.

Қазіргі таңда компания Алматы облысында қуаттылығы жылына 120 мың тонна болатын жаңа құс фабрикасын, сондай-ақ Шымкент қаласында қуаттылығы 50 мың тонна құс етін терең өңдейтін зауыт салуға дайындалуда.

Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Қазақстандағы өнімнің қосылған құнын көбейтуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1055543?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді