Өңіраралық кеден ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері мен шаралары талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сиань, 2025 жылғы 22 тамыз — Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығы ҚХР Сиань кедені бастығының орынбасары, партия комитетінің мүшесі Ли Пушэнмен кедендік реттеу және сауда логистикасы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Екіжақты келіссөздер барысында тараптар сыртқы экономикалық қызметтің тиімділігін арттыру, Қазақстан мен Шэньси провинциясы арасындағы трансшекаралық сауда мен логистиканы қамтамасыз ету бағытындағы негізгі өзара іс-қимыл тетіктерін талқылады.

Тараптар кеден саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігі жөнінде ортақ түсінікке қол жеткізді. Әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының Сианьмен тікелей әуе қатынастарын кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл өз кезегінде азаматтардың өзара сапарларының артуына ықпал етті. Сонымен қатар, мультимодальды (әуе және жерүсті) логистикалық маршруттарды бірлесіп ілгерілетудің, өңірдің «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында негізгі хаб ретіндегі рөлін нығайту әлеуеті ерекше екендігі атап өтілді.

Өз сөзінде Ли Пушэн: «Қазақстан мен Қытай стратегиялық серіктестер ғана емес, сондай-ақ экономикасы жылдан-жылға тығыз дамыған жақын көршілер. Кедендік рәсімдерді өзара жеңілдету, цифрландыру деңгейін арттыру және өзара сенімді нығайту – бұл бюрократиялық міндет емес, бизнестің барлығына тікелей қолдау көрсету шаралары. Олар сөзсіз жаңа мүмкіндіктер ашып, бірлескен даму үшін жағдай жасайды, тұрақты өсімге, инвестициялар мен жаңа технологиялардың ағымына жол ашады», – деп атап өтті. Сондай-ақ, ашық диалог пен ортақ бастамаларды алға жылжытуға, экспорт-импорт операцияларының жағдайына қатысты есеп-статистикалық деректермен тұрақты алмас отыруға дайындығын білдірді.

Өз кезегінде Бас консулдық өкілдері екі тараптың жүйелі жұмысының арқасында Қазақстан өңірлері мен Шэньси провинциясы арасындағы тікелей байланыстарды тереңдетуге аса қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Өзара сауда көлемінің және бірлескен инвестициялық жобалар санының артуындағы оң динамикаға баса назар аударылды.

Кездесу қорытындысында тараптар жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша жедел әрекет ету үшін өзара тұрақты қызметтік  байланысын орнату жөнінде уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-xian/press/news/details/1055319?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді