
Елордадағы мәдениет мекемелерінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» бастамасына қосылып, Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші мен М. Горький атындағы драма театрының аумағында тазалық акциясын өткізді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Сенбілікке Астана қаласы Мәдениет басқармасының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің қызметкерлері шықты.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті дамыту, әрбір азаматтың өз тұрғылықты жеріндегі тазалық пен тәртіпке жауапты екенін ұғындыру.
Акция барысында қатысушылар Тұңғыш Президент музейінің жанындағы саябақта орналасқан Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің айналасын қоқыстан тазартты.
«Биыл біз қалпына келтіру жұмысын жүргіздік – тек аумақты ғана емес, ескерткіштің өзін де тазаладық. Оған балауыз жағу, жылтырату және беткі қабатты терең тазалау үшін құммен үрлеу әдістерін қолдандық. Бұл – тот басу ізін кетіруге көмектеседі», – деді Мәдениет басқармасы бөлімінің басшысы Баянды Сахарияұлы.
Әріптестеріне М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының қызметкерлері де қосылды.
«Маған бұл үрдіс өте ұнайды. Мен Астанада 20 жылдан бері тұрамын және осы қалада қандай сапалы өзгерістер болып жатқанын көріп жүрмін – саябақтар, балалар алаңдары көз алдымызда абаттандырылып келеді. Бұл – бәріміздің ортақ үйіміз. Осындай акцияларға қатысу – өз үйімізді қорғау, Президентіміз бастаған бастаманы қолдау деп білемін. Өз үйіңді күту – өте жақсы іс. Бізге әдемі әрі жайлы Астанада өмір сүрген ұнайды, сондықтан мұндай жобаларды барынша қолдау қажет», – дейді театр актрисасы Ульяна Апрельская.
Қазіргі таңда Астанада шамамен 70 ескерткіш бар, алдағы уақытта осындай экологиялық акциялар басқа орындарда да жалғасын табады.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1055527?lang=kk
Жауап қалдыру