
Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында «Спорт күні» мерекесіне орай футболдан әуесқой командалар арасында тұңғыш рет Түркістан облысының чемпионаты өтті.
Чемпионат екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең ауылдық округтер деңгейінде өткізіліп, оған облыстың барлық аудан-қалаларынан 186 командадан 3300-ге жуық футболшы қатысты. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен үздіктер екінші айналымға жолдама алды. Мұнда 3 қала мен 14 ауданның құрамалары төрт аймаққа бөлініп, финалдық кезеңге берілетін жолдама үшін бақ сынады.
Финалға Мақтаарал, Қазығұрт, Ордабасы аудандары мен Түркістан қаласының командалары шықты. 19-21 тамыз күндері өткен шешуші ойындардың қорытындысы бойынша 1-орынды Мақтаарал ауданының командасы жеңіп алса, 2-орын Түркістан қаласының футболшыларына бұйырды. Ал Ордабасы ауданының құрамасы 3-орынға тұрақтады.
Жеңімпаз атанған Мақтаарал командасы Қазақстан Республикасының кубогына жолдама алып, облыс намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды.
Чемпионаттың жабылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, оларға медальдар мен кубоктар табыстады.
– Бұл мереке – кәсіби спортшылар мен бапкерлерге ғана емес, барлық спорт жанкүйерлері мен салауатты өмір салтын ұстанатын әрбір адам үшін айтулы күн. Түркістан өңірі – әрқашан қазақ спортына серпін берген қасиетті аймақ. Біз жастарға қолдау көрсету арқылы ел болашағын нығайтамыз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарған спортшыларды жеке марапаттап, өңір спортының жетістіктеріне тоқталды.
Бүгінде облыста 92 148 адам спортпен жүйелі түрде айналысады, оларға 2 440 жаттықтырушы қызмет көрсетуде.
Спорттық инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Түркістанда «Түркістан Арена», халықаралық теннис орталығы,«Мұз сарайы» және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілген. Өңірде тағы 54 жаңа спорт нысанын салу жоспарланып отыр, оның ішінде халықаралық ескек есу арнасы мен атшабар да бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1055008?lang=kk
Жауап қалдыру