
Майндағы Франкфурт, 2025 жылғы 22 тамыз – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай әдеби кеш өтті.
Іс-шараға Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері, зиялы қауым, мәдениет саласының мамандары, студенттер мен Абай шығармашылығына қызығушылық танытқан қонақтар қатысты.
Кештің модераторы шараны салтанатты ашып, өз сөзінде Абай шығармашылығының қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық санасының қалыптасуындағы рөлін атап өтті. Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев құттықтау сөзінде Абай ілімі мен философиясы – Шығыс пен Батысты, өткен мен келешекті, дәстүр мен жаңғыруды жалғайтын алтын көпір екенін ерекше атап көрсетті.
Сондай-ақ, «Отандас» ұйымының жетекшісі, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ ресми өкілі Асет Бейсенов ақынның рухани мұрасына терең құрмет білдіріп, тарихи Отанмен рухани байланыстарды сақтаудың маңыздылығына назар аударды.
Мазмұнға бай әрі әсерлі кеш бағдарламасында Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» атты әні орындалып, көрерменге ерекше әсер қалдырды. Бұдан кейін «Абай – ұлы ойшыл» тақырыбындағы деректі фильм көрсетіліп, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына терең шолу жасалды.
Әдеби кеш барысында қатысушылар Абайдың қара сөздерінен үзінділер оқып, өлеңдерін мәнерлеп жеткізді. Ашық микрофон сәтінде жиналғандар өз ойларын ортаға салып, Абайдың философиялық көзқарастары мен әдеби мұрасының қазіргі заманмен байланысын талқылады. Қонақтар арасында Абайдың әндерін домбыра және пианино сүйемелдеуімен орындаған өнерпаздар да болды.
Іс-шара дәстүрлі қазақ шайымен қорытындыланды. Қонақтарға бауырсақ, құрт, қымыз және түрлі ұлттық тәттілер ұсынылып, бейресми әңгімелесу жалғасын тапты.
Бұл әдеби кеш шетелде Абай мұрасын насихаттауға, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде танытуға және ұлт зиялыларының рухани мұрасын ұлықтауға бағытталған маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1055759?lang=kk
Жауап қалдыру