
Облыс әкімі Берік Уәли Озерки ауылдық округіне қарасты Каштак және Половинка ауылдарына барды.
Екі елді мекендегі ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселе – интернет сапасының төмендігі, Семейге қатынайтын автобустың жоқтығы, балалар ойын алаңдарының жетіспеушілігі.
«Шағын елді мекен болсақ та, елеп-ескеріп, келгеніңізге рахмет. Осы ауылда 15 жылдан бері тұрып жатырмын. Облыс әкімі ешқашан келген емес. Өзекті мәселелеріміз шешімін табады деп сенеміз» деді Каштак ауылының тұрғыны Гүлмира Серікбаева.
Половинка ауылының тұрғындары жол, ауыз су, медициналық пункт мәселесін көтерді.
Аудан әкімі Нұржан Әбдікәрімовтің айтуынша, Каштак ауылына 2026 жылы жаңа балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр. Биыл Половинка ауылындағы балалар ойын алаңының тозған төсеніштері ауыстырылады. Аудан бюджеті есебінен ұзындығы 1100 метр ауылішілік көшеге қиыршық тас төгіліп, тегістеледі.
Екі ауылдың өзекті мәселелерімен жете танысқан аймақ басшысы аудан әкімі мен тиісті басқармаларға нақты тапсырмалар берді.
«Каштак ауылына интернет орнату бойынша ұсыныс беріңіздер. Автобус қатынасы мәселесін шешуді аудан әкіміне тапсырамын. Бұл – келесі айда шешілетін мәселе. Половинка ауылының ауыз су мәселесі жыл соңына дейін шешімін табады. Бұл ауылға келесі жылы сапалы интернет орнатылады. Каштак та, Половинка да – қалаға жақын орналасқан ауылдар. Өзекті мәселелер жүйелі түрде шешіледі. Бұл мәселелердің барлығын назарда ұстап, жеке бақылауыма аламын», – деді облыс әкімі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1055793?lang=kk
Жауап қалдыру