
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданына барып, бірнеше ауылдың әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралап, өзекті мәселелерімен танысты. Аймақ басшысы әуелі Озерки ауылдық округіндегі жалпы орта білім беретін мектепте болды.
Білім ордасы 1987 жылы салынған. Бүгінде 50 мұғалім еңбек етеді, 327 оқушы білім алады. Мектепалды даярлықта 23 бала тәрбиеленеді.
Мектеп ғимараты былтыр «Қазақстан халқына» қоры арқылы ағымдағы жөндеуден өткен. Білім мекемесінің шатыры, едені мен есіктері ауыстырылып, жылу қазандығына 3 жаңа пеш қойылды. Барлық оқу кабинеттеріне интерактивті тақталар орнатылған.
Мектепте бірқатар өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған нысананы бейімдеуге пандус керек. Сонымен қатар мектепті қоршау, кіре беріс пен ойын алаңдары жөндеуді қажет етеді. Мектеп директоры аймақ басшысына аталған мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетуді сұрады.
Мектепті аралап көрген облыс әкімі білім ордасындағы түйткілді мәселелер назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Осы жерде ауыл тұрғындары елді мекенге сапалы интернет орнату, Мәдениет үйі мен спорт кешенін салу секілді бірқатар мәселелерді көтерді.
«Ауылымыздағы мектеп 1987 жылы Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Сағидолла Құбашевтің ықпалымен бой көтерген. Содан бері елді мекенде ешқандай ғимарат салынбады. Қазіргі таңда спорт кешені мен Мәдениет үйін салатын орын дайын тұр. Осы мәселенің шешілуіне көмектессеңіз деген тілегіміз бар», – деді ауыл тұрғыны Қажымұхаммед Балуанов.
Аймақ басшысы елді мекенге тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
«Озерки ауылының интернет мәселесін шешу үшін антенналық матчты құрылғы орнатылып жатыр. Келесі айда пайдалануға беріледі. Спорттық сауықтыру кешенін салуға қолдау білдіреміз. Жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, ұсыныңыздар», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы «Озерки балабақшасы» ЖШС-нің жұмысымен де танысты.
Ғимарат 1977 жылы салынған. 2024 жылы нысан қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда балабақшада 15 қызметкер жұмыс істейді. Мекемеде 3 топ құрылып, 70 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға арналған 4 оқу кабинеті жабдықталған.
Облыс әкімі балабақша жұмысын оң бағалап, мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруда үлесі зор екенін атап өтті.
Сондай-ақ, аудан әкіміне ойын алаңдарын салу үшін балабақша аумағын кеңейтуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1055782?lang=kk
Жауап қалдыру