
Жыл басынан бері Ақмола облысында полицейлер көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 13 мыңнан астам жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Полицейлердің айтуынша, ережебұзушылықтардың ішіндегі ең қауіптілерінің бірі – жолаушы тасымалдайтын автобустарды заңсыз қайта жабдықтау болып табылады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көлік құралының құрылымына мұндай заңсыз өзгерістер енгізу, әсіресе жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Соған қарамастан, мұндай заңбұзушылықтар жиілеп келеді.
Мәселен, «Екатеринбург- Алматы» тас жолының 1291-шақырымында полиция қызметкерлері Van Hool маркалы автобусты тоқтатты. Тексеру барысында бұл көлік құралы толықтай ұйықтауға арналған орындарға қайта жабдықталғаны анықталды. Салонда ересек жолаушылармен қатар жас балалар да болған, әрі олар автобус қозғалып жатқан кезде салонда еркін жүрген.
Екінші оқиға сол жолдың «Алматы – Астана- Қарағанды» бөлігінде орын алды. Бұл жолы полиция Kässbohrer Setra маркалы автобусты тоқтатты. Анықталғандай, бұл автобустың да салоны заң талаптарын бұза отырып қайта жабдықталған.
Екі автобуста барлығы 70-тен астам адам, соның ішінде жүргізушілер де болған. Екі жүргізушіге де ҚР ӘҚБтК 590-бабы бойынша («Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу») әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Ақмола облысының полициясы жолаушылардың қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында болуы керектігін еске салады. Көлік құралдарының құрылымына кез келген өзгеріс енгізу заңнамада белгіленген тәртіппен келісіліп, тиісті органның рұқсатымен жүзеге асырылуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-akmola/press/news/details/1056350?lang=kk
Жауап қалдыру