Ақтөбе әуежайы әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталыққа айналады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Қазақстанның көлік саласындағы басты бағыттарының бірі – авиациялық инфрақұрылымды дамыту. Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарға сәйкес, елдің жетекші әуежайлары – Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе – толыққанды логистикалық қызмет көрсететін заманауи мультимодальды орталық ретінде қалыптасуда. Ақтөбе қаласында биыл аумағы 15 мың шаршы метр болатын жаңа көпфункционалды логистикалық хабтың құрылысы басталды. Жоба аясында заманауи қоймалар, тез бұзылатын және қауіпті жүктерге арналған тоңазытқыш камералары, сондай-ақ бағалы тауарларды сақтауға арналған арнайы аймақтар салынбақ. Әуежай аумағында жанармай құю кешенін жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Жоба толық аяқталған соң, отынды сақтау көлемі екі еседен артып, Ақтөбе әуежайы JET-A1 маркалы отынды жеткізетін алғашқы өңірлік әуе айлағы болады.

Сонымен бірге, екінші ұшу-қону жолағын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл шешім қолданыстағы жолақты тоқтатпай-ақ күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Бұл аймақ 2049 жылдың соңына дейін жұмыс істейді.

Ақтөбе облысында АЭА құрудың негізгі мақсаты – инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету. Жобаны жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі артады, сондай-ақ экономикадағы байланысты салалардың дамуына ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1055948?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді