«Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың тамыз конференциясын өткіздік. Педагогтердің дәстүрлі жиынына Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Конференция барысында жаңа оқу жылының негізгі басымдықтары айқындалды. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан білім саласына ерекше қолдау көрсетілуде. Соның нәтижесінде ұстаздардың жалақысы екі есе өсті. Шымкентте қала бюджетінің 37 пайызы білімге бағытталып отыр. Соңғы екі жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы 12 мектеп салынды. Бұған қоса, алдағы екі жылда 37 мектептің құрылысы жоспарланған. Сонымен бірге 20 мектеп, 3 балабақша және 2 колледж күрделі жөндеуден өтті. Қалада заманауи талаптарға сай екі Оқушылар сарайы ашылды.

Әлеуметтік қолдау шаралары да кеңеюде. 2020 жылдан бастап аз қамтылған отбасылардың балалары 100 пайыз мектеп формасымен қамтамасыз етіліп келеді. Биылдан бастап мемлекеттік қана емес, жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік санаттағы балалар да ыстық тамақпен толық қамтылатын болады. Балабақшаларда аз қамтылған отбасылардың балалары үшін тегін орындар қарастырылған. Жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамандықтарға соңғы екі жыл қатарынан 285 гранттан бөлінді.

Мектепке дейінгі тәрбиеде де оң нәтижелер бар. Қазіргі таңда балаларды қамту деңгейі 89 пайызды құрап отыр, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 96 пайызға жетпек. Шымкент қаласы республикада алғаш болып ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасын іске асырды. Нәтижесінде 1 041 «өлі жан» анықталып, 700 миллион теңге үнемделді. 2027 жылдан бастап балабақшаларды міндетті лицензиялау енгізілмек.

Биылғы жаңа оқу жылында 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Оқушыларға қажетті оқулықтар толық жеткізілді. 2025 жылға қарай біліктілігі жоғары педагогтердің үлесін 75 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ соңғы жылдары оқушылар да түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Біздің оқушылар халықаралық және республикалық білім сайыстарында 7 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль жеңіп алып, 200-ден астам шәкірт жүлдегер атанды

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-bilim/press/news/details/1056025?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді