
Шет ауданында заманауи таунхаустары бар жаңа шағын аудан салынды. Мұнда кезекте тұрған азаматтарға 88 пәтер берілді. Қазір аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Тұрғын үймен қатар ауданда әлеуметтік нысандар салынып, көшелер көркейтілуде. Жұмыстардың барысымен Қарағанды облысының әкімі Ермаганбет Бөлекпаев Шет ауданына жасаған жұмыс сапары барысында танысты.
Өңір басшысы Ақсу-Аюлы кентінде «Құмжон» шағын ауданындағы жаңа таунхаустарды аралап көрді.
Аудан орталығының тұрғыны, көпбалалы ана Қызғалдақ Түсіпбекова кең пәтердің кілтін алғанын айтты.
— Бұған дейін ата-анамызбен бірге тұратынбыз, өз баспанамыз болмаған. Қазір бәрі көңілімізден шығып жатыр. Балалар да қуанышты. Пәтеріміз кең, жарық әрі барлық жағдай жасалған. Қоныстанып, жиһаздарымызды орналастырып жатырмыз, — деді ол.
Тұрғын үймен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да дамып келеді. Нұраталды ауылдық округінің Ақсу ауылында қайтарылған активтер есебінен фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Мұнда жуырда ғана астаналық емханада еңбек еткен жас жалпы тәжірибе дәрігері Көркем Мұратова жұмысқа орналасты.
– Мен Астанадан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында бір апта бұрын келдім. Ақсу ауылында 227 адам тұрады, – дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Көркем Мұратова. – Бұған дейін ауылда мейірбике тұрғындарды үйінде қабылдап, шақыру бойынша барып қызмет көрсететін.
Жаңа ФАП емшара, егу және қарау бөлмелерімен жабдықталған. Тек өткен жылы ғана ауданда осындай 12 нысан пайдалануға берілсе, 2025 жылдың соңына дейін тағы жеті нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.
Өңір басшысы сондай-ақ жаңа полиция тірек пунктін көріп, Ақсу-Аюлы кентінде 300 орындық жайлы мектептің құрылысымен танысты.
Ауданда тағы 200 орындық мектеп те салынып жатыр. Онда Сәкен Сейфуллин кентінің балалары оқитын болады.
Сапар соңында облыс әкімі аудандық Мәдениет үйі алаңындағы абаттандыру жұмыстарының барысын қарап, тұрғындар үшін қолайлы қала ортасын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Мұнда жарықтандыру орнатылып, жаңа сахна жасақталған, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet/press/news/details/1056021?lang=kk
Жауап қалдыру