
Тұрғын үй, жолдардың жағдайы, ауылдарды орталықтандырылған ауызсумен және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету, газдандыру – осы және басқа да маңызды мәселелерді Шет ауданының тұрғындары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде ортаға салды. Сондай-ақ ауылдықтар жанармай құю бекеттерінің жұмысы, спорттық және әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы да сөз қозғады. Әр сауалға аймақ басшысы нақты жауап беріп, кейбіріне шешілу мерзімін де белгіледі.
Жыл сайынғы кездесу ашық диалог түрінде өтті.
Өткен жылы ауданның жеті елді мекеніне орталықтандырылған ауызсу тартылған болса, биыл мұндай жұмыс тағы төрт ауылда жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, халық саны аз жеті елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.
Үңірек ауылының тұрғындары елді мекендегі ескі су мұнарасы әбден тозып, шұғыл жөндеуді қажет ететінін жеткізді.
– Су мұнарасын жөндеу жұмыстары жеделдетіледі, қаржы қарастырылды. Бұл мәселе бақылауға алынады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Жарық станциясы мен Сәкен Сейфуллин атындағы кент тұрғындары газдандыру мәселесін көтерді.
Облыс әкімі бұл мәселенің кезең-кезеңімен шешілетінін түсіндірді.
– Конкурстық рәсімдер аяқталды, мердігерлер анықталды. Жақын арада жұмыс басталады, – деді аймақ басшысы.
Жол жөндеу жұмыстарына келсек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауқымды шаралар қолға алынған. Биыл Шет ауданындағы 13 елді мекенде кіреберіс және ішкі жолдарға орташа жөндеу жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 50 шақырымнан астам жолға асфальт төселеді.
Сонымен бірге, кездесуде медициналық қызмет көрсету, ауылдық клубтарды жөндеу және өзге де әлеуметтік нысандар мәселесі талқыланды. Барлық сұраққа тиісті жауап берілді.
Жиын соңында Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарға жиынға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, барлық ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді. Бұдан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet/press/news/details/1056029?lang=kk
Жауап қалдыру