
24 тамыз күні А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Тарбағатай ауданының тумасы, ақын Сағдолдин Сайлаухан Сағымұлының «Жыр дауылпазы» өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті.
Сайлаухан Сағымұлы Тарбағатай ауданы, Ахметбұлақ ауылында 1955 жылы дүниеге келген. Ақынның «Поэзия кітапханасы атты» тұңғыш жыр жинағы 2009 жылы жарық көрсе, 2017 жылы «Тарбағатай Сұңқары» атты екінші кітабы басылып шықты. «Тарбағатай ақындары жырлайды» кітабына, «Суырлының сұлу саздары» атты өлеңдер жинағына шығармалары енген. Қазіргі таңда поэзиялық туындылары аудандық, облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда үнемі жарияланып тұрады.
Сайлаухан Сағымұлы «Тарбағатай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. Ақжар ауылындағы «Жырлайды жүрек» ақындар отауының белді мүшесі.
Шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының директоры Н.Е.Тлеубекова кеш иесін Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының арнайы сый-сияпатымен марапаттады. Тарбағатай ауданы әкімшілігінен келген Құттықтау хат пен арнайы төсбелгіні қоғам қайраткері, Тарбағатай ауданының билер алқасының төрағасы Т. Қалимажанов табыс етті. Қаламыздағы «Желтоқсан-1986» облыстық ҚБ жетекшісі М.Рамазанов Сәбира Мұхамеджановаға ән арнаған Сайлаухан Сағымұлына ризашылығын жеткізіп, Сәбираның бейнесі сомдалған естелік сувинерді сыйға тартты. Астана қаласынан жерлестері видеоқұттықтау жолдап, ауданнан, қаладан, Алматыдан жиналған ақындар тобы өз лебіздерін өлеңмен жеткізді.
Поэзия мен мерейтой тоғысқан аталмыш кеште ақынмен сырлы сұхбат өрбіп, өлеңдері оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1056033?lang=kk
Жауап қалдыру