
Ақтөбе облысында жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау 25 тамызда аяқталды, ал 26 тамыздан бастап оларды жатақханаларға орналастыру жұмыстары басталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, жаңа оқу жылында өңірдегі үш жоғары оқу орнында 22 193 студент білім алатын болады. Оларды орналастыру үшін жалпы сыйымдылығы 4 572 орынды құрайтын 10 жатақхана ұсынылған.
Облыстағы ең ірі жоғары оқу орны – Қ. Жұбанов атындағы АӨУ-де 2200 орынға арналған 4 жатақхана жұмыс істейді. Олардың барлығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттерді қабылдауға толық дайын. Өтініштер SMART қосымшасы арқылы қабылданды, ал орын алу кезегінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға басымдық берілді.
М. Оспанов атындағы БҚМУ-де 2168 орынға арналған 5 жатақхана бар. Бәйішев университетінде 204 орындық 1 жатақхана бар, ол да студенттерді қабылдауға толық дайын.
Жастарды уақытша орналастыру үшін қосымша жеке меншік жатақханалар да қарастырылған, олар: «Эрудит бизнес» ЖШС (620 орын), «Salem space» ЖШС (160 орын) және «Skyfall» студенттер үйі. Бұл ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалған.
Жоғары оқу орындарынан бөлек, өңірде 40 колледж жұмыс істейді, олардың 26-сының меншігінде 2 438 орынға арналған жатақханалар бар. Жаңа оқу жылында колледждерде 28 мыңнан астам студент білім алады.
Барлық жатақханаларда жөндеу және санитарлық жұмыстар жүргізілді, өртке қарсы және жылыту жүйелері тексерілді. 23 жатақханада жөндеу толық аяқталған, тағы үшеуінде аяқталуы жақын.
Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі салалық ведомстволардың басты назарында.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-digital/press/news/details/1057014?lang=kk
Жауап қалдыру