
Ақтөбе гарнизонындағы «Алға» оқу полигонында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің мергендері арасында жарыс өтті. Іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналды.
Жарысқа Құрлық әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдерінен үздік мергендік командалар қатысып, кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейін, дәлдік пен үйлесімді әрекет ету қабілеттерін көрсетті.
Сайыс бағдарламасы түрлі қашықтықтардағы нысаналарды жою, күндізгі және түнгі атыс, шектеулі көріну жағдайларында тапсырмаларды орындау және бүркемелеу құралдарын қолдануды қамтыды.
– Мергендік жұптар арасындағы бұл жарыстар олардың жауынгерлік шеберлігін арттырып, жеке және топтық жұмыс дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Бұл спорт түрі мергеннен жоғары дене дайындығын, психологиялық төзімділікті және өзгермелі жағдайларға жедел бейімделу қабілетін талап етеді, – деп атап өтті Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының жауынгерлік дайындық бас басқармасы бөлімшесінің бастығы полковник Жасұлан Мусин.
Тартысты сайыс нәтижесінде Ақтөбе гарнизонындағы 30238 әскери бөлімінің әскери қызметшілері үздік нәтиже көрсетті. Екінші орынды Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінің командасы, үшінші орынды Аягөз гарнизонының 10810 әскери бөлімінің мергендері иеленді.
Жеңімпаз команда Құрлық әскерлері атынан ҚР Қарулы күштері деңгейіндегі жарыстарға қатысатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1056810?lang=kk
Жауап қалдыру