АУДАНДА ЕКПЕЛІ ШӨП ЕГУ ІСІ ҚАРҚЫН АЛУДА

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
12 тамыз күні аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев Бірік ауылдық округіне қарасты «Қайрат» шаруа қожалығында болып, қожалықтың тыныс-тіршілігімен танысты.
 
Қожалық жетекшісі, жас кәсіпкер Әділхан Әділжанұлы Зайнушев аудан әкімінің орынбасарына атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
 
– 2017 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеміз. Бұл салада ең өзекті мәселенің бірі – мал азығын дайындау. Соңғы жылдары ауа райының қолайсыздығы бұл жұмысқа едәуір кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты екпелі шөп егуге ерекше мән берудеміз. Соның ішінде ең құнарлы шөп түрлерінің бірі – судан шөбі. Оның артықшылығы – бір маусымда 3-4 ретке дейін қайта шабуға болады. Сонымен қатар еркекшөп егіп те тәжірибе жасадық. Әрине, қоршалған жер болмаса, екпелі шөп егу қиын. Біздің судан шөбі егілген жеріміз қоршалған әрі суармалы. Бұл жерді алғанымызға екі жыл болды, қазір жақсы өнім беріп отыр. Бұл шөптің құнарлылығы өте жоғары, арпа мен бидаймен тең. Қысқы мал азығына таптырмас өнім деп есептеймін, – деді ол.
 
Бүгінде «Қайрат» шаруа қожалығы 10 гектар аумаққа судан шөбін, 35 гектар аумаққа еркекшөп егіп, мол өнім алуда. Ағымдағы жылдың мамыр айының ортасында судан шөбін егіп, маусым айының басында алғашқы өнімін жинаған. Қазіргі уақытта екінші ору жұмыстары жүргізілуде.
 
Ауданда соңғы жылдары екпелі шөп егумен айналысатын шаруа қожалықтарының қатары артып келеді. Олардың қатарында Самат Хасанов жетекшілік ететін «ЕрҚожа» шаруа қожалығы, Жұмабек Хайруллин басқаратын «Кардон» шаруа қожалығы және Әділхан Зайнушев жетекшілік ететін «Қайрат» шаруа қожалығы бар.
 
Мамандардың айтуынша, екпелі шөп егу – замана талабы. Қуаңшылықтың жиілеуі мен киік санының көбеюі табиғи шабындықтың өнімділігін төмендетуде. Сондықтан да мал шаруашылығын тұрақты жем-шөппен қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі – екпелі шөп егу. Сондай-ақ, бұл бағытта жерді қоршау мәселесін де қолға алу қажет.
Аудан басшылығы мен жауапты мекемелер бұл бағыттағы бастамаларды қолдап, жергілікті кәсіпкерлерге әдістемелік және инфрақұрылымдық көмек көрсетуді жалғастыруда.
 
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-kaztalovka/press/news/details/1057424?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді