
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сауран ауданына арнайы іссапармен барып, елді мекендердің ауыз су мәселесін зерделеді. Жазғы мезгілде су көлемінің жетіспеушілігіне байланысты кейбір ауылдарға ауыз су кестемен беріліп келген. Осыған орай тұрғындарды тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, Ескі Иқан ауылдық округіндегі Ескі Иқан елді мекенінде магистральді су құбыры жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Ал Мәшһүр Жүсіп, Ескі Сауран елді мекендерінде де қосымша ұңғыма қазу көзделуде. Жүйнек елді мекенінде қосымша су қоймасы (резервуар) орнатылады. Сондай-ақ, 30 жылдық елді мекенінде 337 абонентке арналған водозабор салу және ішкі су жүйелерін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Іссапар барысында Зұлпыхар Жолдасов су нысандарының жұмысын тексеріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтуға қажетті шаралар кезең-кезеңімен іске асырылмақ.
Айта кетейік, Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары облыс әкімдігінің тұрақты назарында. Бұл бастама – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1057519?lang=kk
Жауап қалдыру