
ШҚО-да есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл кеңесі жаңа мүшелерімен толықты
Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу кеңесі Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жанында жұмыс істейді. Оның басты мақсаты – полиция, қоғамдық ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдерінің күшін біріктіре отырып, есірткі қатеріне қарсы іс-қимыл жасап, салауатты өмір салтын насихаттау.
Бүгін Кеңес құрамына жаңа мүшелер қабылданды. Кеңес мүшесінің қызметтік куәліктері «Самға» жеке театрының директоры Көңілханқызы Әлияға, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокс және кикбоксингтен халықаралық жарыстардың жүлдегері, «Алик Бокс Тим» бокс клубтары желісінің директоры Милейко Александр Сергеевичке, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кеңесшісі Нұрсейітова Эльмира Дәулетқызына табысталды.
Сонымен қатар, құрылым жұмысына белсенді қатысып, айрықша үлес қосқаны үшін Қорлан Тұғамбаева мен Айдос Әділбеков Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Одан бөлек, бірқатар кеңес мүшелеріне Полиция департаменті басшылығының алғыс хаттары табыс етілді.
Кеңес отырысында сөз сөйлеген ШҚО ПД бастығының уақытша міндетін атқарушы Алмаз Төкенов ұйымның негізгі мақсаты тек мәселелерді талқылау емес, нақты нәтижеге бағытталған шаралар қабылдау екенін атап өтті:
«Жұмыстың басты бағыты – профилактика. Әсіресе жастар мен әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға ерекше назар аударуымыз қажет. Барлық іс-қимылымыз “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында құрылуы тиіс», – деді ол.
Отырыста Кеңес мүшелері де өз ойларын ортаға салды.
«Біз қоғамды салауатты әрі қауіпсіз болашаққа жетелейтін локомотивке айналуымыз керек. Тек бірлесе әрекет еткенде ғана есірткінің таралуын тоқтатып, халықты дұрыс жолға бағыттай аламыз», – деді ҚР ІІМ Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі республикалық кеңесінің төраға орынбасары Данил Аитов.
Айта кетсек, биылғы жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткі айналымына қатысты 181 қылмыстық құқықбұзушылықты әшкереледі. Оның ішінде 76 есірткі сату дерегі тоқтатылып, 20 фитолаборатория жойылды. Заңсыз айналымнан 112 кг астам есірткі заттары, оның ішінде 2 кг артық синтетикалық есірткілер тәркіленді.
Сонымен бірге ақпараттық кеңістікте де белсенді жұмыс жүргізілуде. «Кибернадзор» жүйесінің көмегімен психобелсенді заттарды жарнамалаған және өзге де зиянды контент таратқан 860-тан астам интернет-ресурс пен боттар бұғатталды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1058305?lang=kk
Жауап қалдыру