
Тамыз айының 16-17 күндері аралығында Ресей Федерациясы, Татарстан Республикасында татар ұлттық ойындарынан халықаралық фестиваль өтті.
Жамбы ату, көкпар, асау үйрету, теңге ілу, аударыспақ сынды ұлттық ойындардың үздік үлгісі көрсетілген “Татар Аты” халықаралық фестивалінде Той иелерінен бөлек Башқұртстан,Қырғызстан, Өзбекстан, және Ноғай ордасының спортшылары қатысқан. Бұл жарысқа додаға Қазақстаның жалауын желбіретіп сырымдық Төлеби Қайыржанов бастаған жігіттер те барды.
“Не бел кетер, бел кетпесе белбеу кетер”-деп, аударыспақ шеңберіне шыққан сарбаздар үшін бұл тартысты да таласты сайыс болды. Нәтижесінде 80 келі салмақ дәрежесінде Қасымхан Сағидолла және Нұрсұлтан Өтепов қола жүлде иегері атанса, +100 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Төлеби Қайыржановтың кеудесіне күміс медаль тағылды.
Татарстан Төлебиді таниды. Естеріңізде болса, өткен жылы да Төлеби палуан осы дәрежеде күміс жүлде иегері атанған болатын. Бұл сайыс сырымдық палуанның өз биігінде екендігінің дәлелі.
Үлкен тәжірибе алмасқан бұл додадан соң біздің жігіттер ат ноқтасын түре қоймады. Бұйырса, қыркүйек айының 6-шы жұлдызында Башқұрт елінде көшпенділер спортынан жауапты жарыс өтеді.
Сәттілік серік болсын палуандар!
Қ.ЖЕҢІСҰЛЫ,
“Сырым елкюі”

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1058760?lang=kk
Жауап қалдыру