
Өскеменде аяқталған Mongol Rally қатысушыларына полицейлер қауіпсіздік бойынша нұсқаулық берді
13 шілдеде Прага қаласынан бастау алған халықаралық Mongol Rally автожорығының мәресі Өскемен қаласында өтті. Биылғы экстремалды жарысқа ондаған елден жүзден астам команда қатысып, мыңдаған шақырым жолды шағын көлемді автокөліктермен жүріп өтті. Ерекшелігі – қатысушыларға ешқандай техникалық қолдау көрсетілмейді, барлық жөндеу жұмыстарын олар тікелей жол үстінде өздері атқарады.
Өскеменге келген шетелдік саяхатшыларды тәртіп сақшылары қарсы алды. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі өкілдері шетелдік азаматтардан олардың бағыты, алған әсерлері мен сапардың ерекшеліктері туралы сұрап, жылы лебіздерін білдірді.
Туристердің қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында полицейлер оларға арнайы QR-коды бар туристік карталарды табыстады. Бұл картаның көмегімен Safe Travel.kz ресми ақпараттық порталына жедел қол жеткізуге болады. Онда шетелдік азаматтарға қажетті маңызды мәліметтер топтастырылған:
• жедел қызметтердің нөмірлері және SOS батырмасы;
• полицияның кезекші бөлімдері туралы ақпарат;
• елде болу ережелері мен қауіпсіздік кеңестері;
• туристік маршруттар мен қозғалыс сызбалары (қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде);
• байланыс операторлары, такси-сервистер, SIM-карталар мен олардың сату орындары туралы деректер;
• қонақүйлердің мекенжайлары және орналастыру нысандарына қойылатын талаптар;
• «102» мобильдік қосымшасына сілтеме.
Тәртіп сақшылары туристерге картаның QR-коды арқылы өтіп, Қазақстан аумағында жайлы әрі қауіпсіз болу үшін өзекті ақпаратпен міндетті түрде танысуды ұсынды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1058292?lang=kk
Жауап қалдыру