
Ауданымызда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан жобалардың бірі – Темірлан аумағындағы “QAZ Garden” бақ шаруашылығы. Биылғы жылы бақ мол өнім беріп, аграрлық сектордағы өсім мен тұрақтылықтың нақты көрсеткішін танытты.
Аудан әкімі Азат Оралбаев “QAZ Garden” бағының қазіргі жағдайын көріп, кәсіп иелерімен пікірлесіп, бақтың дамуына серпін беретін негізгі бағыттарға назар аударып, алдағы жоспарлармен танысты.
2020 жылы құрылған “QAZ Garden” шаруашылығы бүгінде 70 гектар аумақта орналасқан. Мұнда алма, өрік және шабдалы ағаштары егілген. Әрбір ағаш түрі арнайы климаттық және топырақтық ерекшеліктер ескеріліп таңдалған. Заманауи технология мен тамшылатып суару әдісі арқылы жоғары өнім алуға қол жеткізілуде.

Алма — 11 гектар жерге егілген. (Сорттары: Грени Смит, Джероми, Гала, Голден).

Өрік — 30 гектар. (Сорттары: Қабаши, Шекерпари)

Шабдалы — 14 гектар. (Сорттары: Манрео, Орион)

Бұл көрсеткіштер жылдан-жылға өсіп келе жатқанын ескерсек, бақ шаруашылығының әлеуеті әлі де зор.
“QAZ Garden” бағы — тек өнім өндірумен шектелмейді. Аталған кәсіпорын жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, аудан орталығындағы сауда нүктелерін отандық, табиғи өніммен қамтамасыз етеді. Бұл – бір жағынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорттық тәуелділігін төмендетуге ықпал етеді.
Алдағы жоспар – экспортқа шығу.
Шаруашылық басшылығы өнім көлемін арттырумен қатар, дайын өнімдерді экспортқа шығару мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Бұл аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне халықаралық нарыққа жол ашуға себеп болмақ.
>
“QAZ Garden” — ауылдық жердің әлеуетін тиімді пайдаланудың нақты үлгісі.


Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1058352?lang=kk
Жауап қалдыру