
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жылға ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, округ аумағында жүргізіліп жатқан инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар барысын саралап, елді мекендерді жаяу аралады. Аудан басшысы аралау барысында мердігер ұйым өкілдеріне құрылыс сапасына және жұмыс кестесіне ерекше мән беруді ескертіп, газдандыру жұмыстарының уақытылы әрі тиімді орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Алдымен аудан басшысы Шайхана елді мекеніндегі табиғи газбен қамту бойынша құрылыс алаңына барып, жұмыстың қарқынымен танысты.
Аталған құрылыс алаңында «Ынтымақ ОК» мердігер мекемесі тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс аяқталған соң 300-ден астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізетін болады.
Келесі кезекте Қарақалпақ елді мекеніндегі құрылыс жұмыстары пысықталды. «Бақ-Ерке строй» ЖШС тарапынан құбыр тарту және орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталған жағдайда 1300-ге жуық тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1058043?lang=kk
Жауап қалдыру