
2025 жылдың 9 қазанында Астанада ХІІ Азаматтық форум қарсаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуі өтті.
Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірлерінен азаматтық сектор мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Диалог барысында әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, еңбек құқықтарын қорғау, жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері талқыланды. Мемлекет пен азаматтық сектордың әлеуметтік саясатты іске асырудағы өзара байланысына, мақсатты көмек пен ҮЕҰ-ны әлеуметтік қызмет көрсету үдерісіне тарту тетіктеріне баса назар аударылды.
Кездесу барысында қатысушылар азаматтық сектордың әлеуметтік бастамаларды әзірлеу мен жүзеге асырудағы рөлін атап өтті. Осыған орай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ҮЕҰ-мен әріптестікті жүйелі түрде дамытып, әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи тәсілдерді енгізіп келеді.
Кездесу соңында Светлана Жақыпова министрлік азаматтардың құқығын қорғау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін атап өтті.
Бұл – ХІІ Азаматтық форум қарсаңында өткізіліп жатқан азаматтық сектор өкілдерімен орталық мемлекеттік органдар басшылығының жүйелі кездесулер сериясының бір бөлігі. Форум – мемлекет пен қоғам арасындағы ашық және сындарлы диалог алаңы болмақ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1083817?lang=kk

Жауап қалдыру