Сауран ауданында жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, тапқырлығын шыңдау және мәдени белсенділігін арттыру мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Ескі Иқан ауылдық мәдениет үйінде Жайдарман ойынының аумақтық іріктеу кезеңі өткізілді.
Ашылу салтанатында Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев құттықтау сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тілеп, олардың шығармашылығына қолдау білдірді.
Шараның негізгі мақсаты – ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сахналық мәдениетін қалыптастыру, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру.
Бұл жолғы ойында Жаңа Иқан, Ескі Иқан және Шаға ауылдық округінің жастары өз өнерлерін ортаға салып, әзілге толы қойылымдарымен көрерменнің көңілінен шықты. Әділқазылар алқасының шешімімен үздік шыққан “6 Ару”, “Шок girls” және “Жалынды жастар” командалары аудандық финалдық ойынға жолдама алды.
Әділқазылар құрамында Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Ергешбайұлы, аудандық мәслихат депутаты Шарапов Хуршид, «Руханият және талдау орталығы» басшысы Сұлтанбай Берікбайұлы болды.
Жастардың өнерін ұштастырып, достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған Жайдарман ойыны аудан жастары үшін маңызды мәдени жобаға айналып отыр.
Жауап қалдыру