
Атбасар қаласында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына жұмыс сапары өтті.
Сапардың мақсаты — мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ашылған орталықтың қызметімен танысу және егде жастағы азаматтарға белсенді әрі сапалы өмір сүру үшін жасалған жағдайларды бағалау.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнет жасындағы адамдарға кең ауқымды қызмет түрлерін ұсынады. Мұнда спортпен айналысуға, шығармашылықпен шұғылдануға, өзін-өзі дамытуға және денсаулығын қалпына келтіруге қолайлы жағдайлар жасалған. Экскурсия барысында спорт залы, вокал студиясы, бейнелеу өнері, қолданбалы шығармашылық, үстел ойындары кабинеттері, массаж бөлмесі мен компьютерлік сынып көрсетілді.
Атбасар қаласының аға буын өкілдері йога, үстел теннисі, скандинавиялық жүріс, вокал, қыш құмыра жасау өнері сынды үйірмелерге қатыса алады, қазақ тілін үйреніп, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын арттыра алады. Сонымен қатар, психологиялық тренингтер мен шығармашылық шеберлік сағаттарына қатысу мүмкіндігі бар. Орталықта геронтолог-дәрігер мен массаж маманының қызметтері де ұсынылады.
Шолпан Рахматуллина орталықтағы жұмыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және егде жастағы азаматтардың белсенді қатысуын атап өтті. Ол осындай орталықтардың қарттардың физикалық және эмоционалдық денсаулығын сақтау, әлеуметтік белсенділігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығына ерекше назар аударды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-social/press/news/details/1085549?lang=kk

Жауап қалдыру