
Баку қаласында Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен Әзербайжан Республикасының Энергетика министрі Парвиз Шахбазов төрағалық етті. Іс-шараға Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, екі елдің ведомстволары мен іскер топтарының өкілдері қатысты.
Елші Ә. Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қатынастардың барлық салаларындағы оң динамиканы атап өтті. Бұл екі Мемлекет басшысының өзара сапарларының жиілігінен де айқын байқалады. Дипломат екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығы саяси диалогтың жоғары деңгейіне сәйкес болу қажеттілігіне назар аударды.
Кездесудің негізгі тақырыбы Орта дәлізді (ТХКБ) дамыту болды. Тараптар халықаралық автокөлік тасымалдары үшін электронды рұқсат қағаздарын (e-Permit) енгізуді бастауға, 2026 жылдың бірінші тоқсанында автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссияның отырысын өткізуге және Digital Trade Corridor пен Digital Logistics Platform жүйелерін интеграциялау арқылы логистиканы цифрландыруды жалғастыруға уағдаласты.
Сонымен қатар Әзербайжан мен Қазақстанның порт инфрақұрылымдарын дамыту перспективалары қаралды. Елдер сондай-ақ кеме жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді — Каспийге арналған жаңа контейнерлік кемелер салынып жатыр, сонымен бірге қазақстандық материалдар мен технологияларды пайдалана отырып паромдар мен басқа да кемелер шығару жоспарлануда.
Кездесу қорытындысы бойынша Үкіметаралық комиссияның Хаттамасына қол қойылып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттары айқындалды. Тараптар Үкіметаралық комиссияның келесі, 22-отырысын 2026 жылы Астана қаласында өткізуге уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-baku/press/news/details/1089047?lang=kk

Жауап қалдыру