“Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2020 жылғы 1 қазандағы
№ 301 бұйрығына
4-қосымша

“Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

      Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 14.03.2025 № 82 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

  1. Осы “Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары “Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы” Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабы 1) тармақшасынасәйкес әзірленді және “Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
  2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, “бір терезе” қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) жергілікті атқарушы органдардың шешімдері – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері;

      3) жер комиссиясы – өтініштерді (өтінімдерді) қарауға және жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің (елді мекендер жерлерін қоспағанда) нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы қорытындылар дайындауға арналған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақтағы) және ауданның жергілікті атқарушы органының жанындағы алқалы орган;

      4) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      5) жер учаскесі – Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекараларда бөлінген жер бөлігі;

      6) пайдаланушының “электрондық үкіметтің” веб-порталындағы кабинеті (бұдан әрі – жеке кабинет) – жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен электрондық түрде қызметтер көрсету мәселелері, аталған тұлғалардың өтініштерін қарайтын субъектілерге жүгіну, сондай-ақ дербес деректерді пайдалану мәселелері бойынша ресми ақпараттық өзара іс-қимылға арналған “электрондық үкіметтің” веб-порталының құрамдасы;

      7) “электрондық үкіметтің” веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесін білдіретін ақпараттық жүйе;

      8) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.

2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметті облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауылдық округтер әкімдердері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жеке немесе заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.

      “Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) осы Қағидаларға 1-қосымшада көрсетілген.

  1. Осы Қағидаларға 2-қосымшағасәйкес нысан бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтінішті және Тізбенің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдау Мемлекеттік корпорация арқылы не портал арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызметті Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету кезінде өтініштер мен құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді.

      Көрсетілетін қызметті алушы Тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші/Мемлекеттік корпорация өтінішті қабылдаудан бас тартады.

  1. Жеке басты куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден талап етеді.

      Көрсетілетін қызметті берушілер цифрлық құжаттарды порталда тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы бір реттік құпиясөзді беру арқылы немесе портал хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы ұсынылған құжат иесінің келісуі болған жағдайда іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен алады.

      Көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштің қабылданғаны туралы мәртебе және мемлекеттік қызмет көрсету күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

  1. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде:

      елді мекеннің шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен жағдайда:

      1) операциялық залдың жұмыскері (операторы) Тізбеде көрсетілген құжаттарды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады;

      2) операциялық залдың жұмыскері (операторы) құжаттар келіп түскен күні көрсетілетін қызметті алушыдан қабылдаған құжаттарды курьер арқылы көрсетілетін қызметті берушіге тапсырады;

      3) 1 (бір) жұмыс күні ішінде республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы келіп түскен өтінішті тиісті жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі – ҚБ), ал аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі – жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауданның жергілікті атқарушы органының сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесіне (бұдан әрі – ҚБ) жібереді.

      4) ҚБ өтініш келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді;

      5) келісуші мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы тиісті қорытындылар ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ҚБ көрсетілетін қызметті берушіге жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді;

      6) келісуші мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, ҚБ ол келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы жиынтық қорытындыны дайындайды және республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімнің жобасын дайындау үшін жолдайды;

      7) көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі ҚБ-дан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы жиынтық қорытынды келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қабылданады;

      8) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы 2 (екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі негізінде жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын дайындайды;

      9) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын қоса бере отырып, көрсетілген қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы тиісті шешімін курьер арқылы беруге жібереді;

      10) көрсетілетін қызметті алушыға дайын құжаттарды беру Мемлекеттік корпорацияның жұмыс графигіне сәйкес көрсетілетін қызметті алушының не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген құжат негізінде әрекет ететін оның өкілінің жеке басын куәландыратын, тиісті өкілеттіктері көрсетілген құжаттарды ұсынған кезде жүзеге асырылады;

      елді мекеннен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен жағдайда:

      1) операциялық залдың жұмыскері (операторы) Тізбеде көрсетілген құжаттарды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады;

      2) операциялық залдың жұмыскері (операторы) құжаттар келіп түскен күні көрсетілетін қызметті алушыдан қабылданған құжаттарды курьер арқылы көрсетілетін қызметті берушіге береді;

      3) көрсетілетін қызметті берушінің (облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) басшысы 1 (бір) жұмыс күні ішінде келіп түскен өтінішті облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына жібереді;

      4) облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өтініш келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді;

      5) келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар 3 (үш) жұмыс күні ішінде мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша жер учаскесін пайдалану мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, көрсетілетін қызметті алушыға ол түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді;

      6) келісуші мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсынысы бар материалдарды ол келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жер комиссиясына енгізеді;

      7) жер комиссиясының қорытындысы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс жер комиссиясына келіп түскен сәттен бастап 4 (төрт) жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады;

      8) облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің тиісті шешімін дайындайды;

      9) көрсетілетін қызметті берушінің шешімі ол келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жер комиссиясының тиісті қорытындысы негізінде қабылданады;

      10) облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы 2 (екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі негізінде жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын дайындайды;

      11) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы тиісті шешімін жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартымен қоса курьер арқылы беруге жібереді;

      12) көрсетілетін қызметті алушыға дайын құжаттарды беру Мемлекеттік корпорацияның жұмыс графигіне сәйкес көрсетілетін қызметті алушының не оның өкілінің жеке басын куәландыратын, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген құжат негізінде әрекет ететін, өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетілген құжаттарды ұсынған кезде жүзеге асырылады.

  1. Порталға жүгінген кезде:

      елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен жағдайда:

      1) өтініш автоматты түрде қалыптастырылады;

      2) көрсетілетін қызметті берушінің (республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі) басшысы 1 (бір) жұмыс күні ішінде келіп түскен өтінішті тиісті ҚБ-ға жібереді;

      3) ҚБ өтініш келіп түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және оны бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға және өзге де ұйымдарға келісуге жібереді;

      4) келісуші мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі (мүмкін еместігі) туралы тиісті қорытындылар ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, ол ҚБ-ға келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тарту жолданады;

      5) келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, ол келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде ҚБ жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қорытынды дайындайды және республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім жобасын дайындау үшін жіберіледі;

      6) көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі ҚБ-дан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қорытынды келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қабылданады;

      7) республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы 2 (екі) жұмыс күні ішінде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешім негізінде жер учаскесін сатып алу-сату сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын дайындайды;

      8) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында жер учаскесін сатып алу-сату сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын қоса бере отырып, көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы тиісті шешімін жібереді;

      елді мекеннен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш келіп түскен жағдайда:

      1) өтініш автоматты түрде қалыптастырылады;

      2) көрсетілетін қызметті берушінің (облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта) басшысы 1 (бір) жұмыс күні ішінде келіп түскен өтінішті облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына жібереді;

      3) облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы өтініш келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды, жер учаскесін пайдалану схемасын жасайды және бір мезгілде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарға келісуге жібереді;

      4) келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар 3 (үш) жұмыс күні ішінде мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша жер учаскесін пайдалану мүмкіндігі туралы тиісті қорытындылар ұсынады.

      Келісуші мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардан теріс қорытынды келіп түскен жағдайда, көрсетілетін қызметті алушыға ол түскен кезден бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуден уәжді бас тартуды жібереді;

      5) келісуші мемлекеттік органдар мен ұйымдардан жер учаскесін мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы оң қорытынды келіп түскен жағдайда, облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсынысы бар материалдарды ол келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жер комиссиясына енгізеді;

      6) жер комиссиясының қорытындысы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігі туралы ұсыныс жер комиссиясына келіп түскен сәттен бастап 4 (төрт) жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында екі данада жасалады;

      7) облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен сәттен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы тиісті шешімін дайындайды;

      8) көрсетілетін қызметті берушінің шешімі жер комиссиясының тиісті қорытындысы келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оның негізінде қабылданады;

      9) облыстың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы 2 (екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы шешімі негізінде жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын дайындайды;

      10) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсе қызметкері портал арқылы көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті берушінің жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы тиісті шешімін жібереді.

  1. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшағасәйкес нысан бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама жіберіледі, онда көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдалым өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) көрсетіледі.

      Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалымды хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей ҚБ/жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

      Тыңдалым туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі. Тыңдалым хабарлама жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдалым нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту не мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Тыңдалым нәтижесі көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының “жеке кабинетіне” жіберіледі не Мемлекеттік корпорация арқылы беріледі.

  1. Көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.
  2. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсету сатысы туралы деректердің мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
  3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі осы Қағидалар бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты “электрондық үкіметтің” ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторына, Мемлекеттік корпорацияға, көрсетілетін қызметті берушіге және Бірыңғай байланыс орталығына жібереді.
  4. Ақпараттық жүйе істен шыққан кезде көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты көрсетілетін қызметті берушінің құрылымдық бөлімшесінің жұмыскерін дереу хабардар етеді.

      Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жауапты қызметкер техникалық проблема туралы хаттама жасайды және оған көрсетілетін қызметті беруші қол қояды.

3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

  1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      Шағым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 91-бабына сәйкес келіп түскен жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші оны келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды қарайтын органға жібереді. Қолайлы акт қабылданған, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекет жасалған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

  1. Көрсетілетін қызметті алушының шағымын Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес:

      көрсетілетін қызметті беруші – тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган –тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.

      Көрсетілетін қызметті берушінің, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда, шағымды қарау жөнінде өкілеттік берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымды берген көрсетілетін қызметті алушыға жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) ұзарту себебін көрсете отырып шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы хабарлайды.

  1. Егер заңда өзгеше көзделмесе, ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағынасәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

 

 

 

 

 

 

 

“Жер учаскесінің нысаналы
мақсатын өзгертуге шешім
беру” мемлекеттік қызметін
көрсету қағидаларына
1-қосымша

“Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ауылдық округтер әкімдері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші).

2

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

1) “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы;
2) “электрондық үкіметтің” www.​egov.​kz веб-порталы (бұдан әрі – портал);

3

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі

1) елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда – 8 (сегіз) жұмыс күніне дейінгі мерзімде;
2) елді мекеннен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда – 16 (он алты) жұмыс күніне дейінгі мерзімде.
Көрсетілген мерзімдерге жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын жасау мерзімі кірмейді.

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған)/қағаз түрінде.

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

Жер учаскесін сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану (жалдау) шартын (жер учаскесі сатып алынған жағдайда) қоса бере отырып, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы көрсетілетін қызметті берушінің шешімі не мемлекеттік қызметті көрсетуден уәжді бас тарту.

6

Мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін.

7

Көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның және ақпарат объектілерінің жұмыс графигі

1) “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы – дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда түскі үзіліссіз сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, Мемлекеттік корпорация “Азаматтарға арналған үкімет” халыққа қызмет көрсететін кезекші бөлімдері Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін және сенбі күні сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін;
2) көрсетілетін қызметті берушінің – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, белгіленген жұмыс графигіне сәйкес дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 13-00-ден 14-30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9-00-ден 18-30-ға дейін;
3) портал – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің www.​gov.​kz интернет-ресурсында;
2) көрсетілетін қызметті берушінің www.​gov.​kz интернет-ресурсында;
3) порталда орналастырылған.

8

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21366 болып тіркелген) бекітілген “Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш;
2) жер комиссиясының оң шешімі (елді мекеннен тыс жерде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде) немесе жер учаскесінің нысаналы мақсатын (елді мекен шегінде орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген кезде) өзгерту туралы оң қорытынды болған жағдайда 1 (бір) жұмыс күні ішінде:
бюджет кірісіне жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы төлеу, бюджетке Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 9-бабы 5-тармағына сәйкес кадастрлық (бағалау) құн арасындағы айырмаға тең соманы төлеу қажет болған жағдайда, оның нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны актісінің көшірмесі;
3) әуеайлақ маңындағы аумақта орналасқан жер учаскесінің нысаналы мақсаты өзгерген жағдайда: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қағидаларына сәйкес берілетін әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат.
Жеке басты куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы не дара кәсіпкер ретінде жылжымайтын мүлікке меншік құқығын растайтын қызметтің басталуы туралы, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден талап етеді.

9

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған деректер мен мәліметтердің Кодекстің 9-бабының 5-тармағында және 97-бабының 3-2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) Кодекстің 49-1-бабының 3 және 4-тармақтарына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсету үшін талап етілетін келісу туралы сұранымға келісуші органдардың теріс жауабы;
4) көрсетілетін қызметті алушының “Дербес
деректер және оларды қорғау туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсету үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.

10

Мемлекеттік қызметті көрсету, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдың “жеке кабинеті”, сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары порталда көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.Жүктеу

 

 

“Жер учаскесінің нысаналы
мақсатын өзгертуге шешім
беру” мемлекеттік қызметін
көрсету қағидаларына
2-қосымша

      Нысан

 

__________________әкімі
(облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың,
ауданның, облыстық және
аудандық маңызы бар қаланың,
кенттің, ауылдың, ауылдық
округтің)
____________________________

 

(аты, әкесінің аты (бар болса),
тегі)
кімнен ____________________________________________
(жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі не заңды
____________________________________
тұлғаның толық атауы)
______________________________________________
(жеке сәйкестендіру нөмірі не бизнес-сәйкестендіру нөмірі)
_________________________________________________
(жеке тұлғаның немесе жеке немесе
заңды тұлға өкілінің жеке басын
куәландыратын құжаттың деректемелері,
_______________________________________
байланыс телефоны (бар болса), орналасқан
_______________________________________
жерінің мекенжайы (заңды тұлғалар үшін) не
_______________________________________
тұрғылықты мекенжайы (жеке тұлғалар үшін))

 

Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш

      Сізден __________________________________мекенжайы бойынша орналасқан (жер учаскесінің орналасқан жері) маған жеке меншік (жер пайдалану) құқығында тиесілі кадастрлық нөмірі __________________________________________
      ауданы __________гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын
      ___________________________________________________________________ байланысты
      (жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту себебін көрсету)
      ___________________________________________________ нысаналы мақсатынан
      ___________________________________________________ нысаналы мақсатына
      ______________________________________________________ өзгертуіңізді сұраймын.
      Құқық белгілейтін құжат ______жылғы __________ № _____
      сәйкестендіру құжаты _____ жылғы ____ _______ № ______ немесе
      жер-кадастрлық жоспар_______ жылғы ____ _________ № ______
      “Дербес деректер және оларды қорғау туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес, “Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін алуға қажетті дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.
      Дербес деректердің трансшекаралық берілуінің жоқтығы туралы, сондай-ақ жалпыға қолжетімді көздерде дербес деректердің таралуының жоқтығы туралы хабарлаймыз.
      Жиналатын деректер тізбесі: жеке тұлғаның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, заңды тұлғаның атауы, жеке сәйкестендіру нөмірі, бизнес сәйкестендіру нөмірі, электрондық почтасы, телефон нөмірі.
      Көрсетілетін қызметті алушы
      ______________________________________________________________________________ (көрсетілетін қызметті алушының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі,
      қолы/электрондық цифрлық қолтаңбасы)
      20 жылғы ” “_________

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

“Жер учаскесінің нысаналы
мақсатын өзгертуге шешім
беру” мемлекеттік қызметін
көрсету қағидаларына
3-қосымша

Нысан

Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы хабарлама

      Құрметті _______________
      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабының 1-тармағына сәйкес осы хабарламамен Сізге “Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру” мемлекеттік қызметін көрсетуден бас тартылғаны туралы хабарлаймыз, өйткені:
      ___________________________________________________________________________
      (бас тарту себептерін санамалау)
      Бас тарту мәселесі бойынша тыңдалым осы хабарлама жіберілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кейін жүзеге асырылады, онда Сіз осы шешім бойынша өз ұстанымыңызды білдіре аласыз (қажеттісін жазыңыз):
      ___________________________________________________________________________ (тыңдалым өткізу күні мен уақыты, тыңдалым өткізу орны (тәсілі):
      мекенжайы бойынша ғимаратта: / бейнеконференцбайланыс / өзге де коммуникация құралдары арқылы)
      Көрсетілетін қызметті беруші
      ___________________________________________________________________________ (басшының қолы, аты, әкесінің аты (бар болса), тегі) немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы)

      20 жылғы ” ” _________

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ile-karaoi/press/news/details/1089350?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді