БЖЗҚ шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуын жалғастыруда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 

БЖЗҚ шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуын жалғастыруда

 

2025 жылғы 9–10 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мамандары Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі жанындағы Бюджеттен тыс зейнетақы қорының қызметкерлері үшін онлайн-семинар өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстанның зейнетақы жүйесімен және оның даму бағыттарымен таныстыру болды.

Онлайн-семинар барысында БЖЗҚ өкілдері Қордың қызметі туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізудің алғышарттары мен оның қазіргі жағдайына, Қордың актуарлық қызметіне, зейнетақы қызметтерін көрсету форматтарына және зейнетақыны жоспарлау мәдениетін дамыту мәселелеріне арналған презентациялар жасады. Сонымен қатар жеке зейнетақы шоттарын әкімшілендіру, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің түрлері, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы Келісім аясындағы төлемдер, зейнетақы жинақтарын инвестициялау, негізгі автоматтандырылған ақпараттық жүйелер, деректерді басқару тәсілдері мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі цифрлық қызметтерді енгізу мәселелері қарастырылды.

Өзбекстандық мамандар өз еліндегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі, соның ішінде процестерді цифрландыру жұмыстары мен аумақтық бөлімшелерді кезең-кезеңімен қысқарту жоспарлары туралы баяндап өтті. Сондай-ақ олар қазақстандық әріптестерінен алған білімнің практикалық маңыздылығын атап өтіп, бұл тәжірибе алдағы уақытта қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға ықпал ететінін және ұлттық зейнетақы моделін одан әрі жетілдіру барысында қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.

Тәжірибе алмасу әлеуметтік қорғау жүйесін анағұрлым тиімді әрі орнықты ету жолындағы маңызды қадам екені атап өтілді. Зейнетақы жүйесін реформалау саласындағы бірлескен жұмыстар екі елге де азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ “Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ridder/press/news/details/1126581?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді