
Ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды.
Әр жыл көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары қолға алынады. Біздің ауданда да су басу қаупі бар елді мекендер бар. Осыған байланысты биыл жолдардың қарын күреу, арналардың аузын ашу, арықтарды тазалау бастамалары қолға алынып қойды. Көктемгі су тасқынына дайындықтың ертеден пысықталғаны орынды. Әсіресе су өткізгіш құбырларды қардан тазарту су тасқынының алдын алу және көктемгі кезеңде қалыпты дренажды қамтамасыз ету үшін маңызды. Осы ретте аудан көлемінде «Обл Шығыс Жол» ЖШС жұмысшылары көктемгі су тасқыны төтенше жағдайларының алдын алу жұмыстарына кірісіп кетті. Аталмыш мекеме еңбеккерлері бүгінгі таңда «Күршім-Қалжыр» автожолының Ақсуат бағытындағы 28-31 шақырымындағы су өткізгіш құбырларды қардан тазарту жұмыстарын атқаруда. Осы жұмыстарға екі техника, 10 жұмысшы жұмылдырылған. Жұмысшылар үш күн бойы белгіленген су арықтарын қардан тазартып, көктемгі су тасқынының алдын алуға күш салуда.
Осындай жұмыстар Күршім-Алғабас жолындағы құбырларға да жүргізілуде. Құбырларды қардан тазарту жұмыстарын «Күршім» комшар кәсіпорны атқаруда. «Қамданған қапы қалмайды» демекші, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына бірлесе күш салу – үлкен жауапкершілік. Құбырларды тазарту – қар мен мұздың жиналуын болдырмайды, бұл су ағындарының бітелуіне және нәтижесінде су кептелістерінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл әсіресе күрт жылыну жағдайында, қар ери бастаған кезде және су тоғандарға еркін ағып кетуі үшін керек. Көктемгі су тасқынының ықтимал салдарын болдырмау, ең бастысы, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-kurchum/press/news/details/1151191?lang=kk

Жауап қалдыру