
Қазіргі білім беру жүйесі ұстаздан тек пәндік білімді ғана емес, сонымен қатар жаңашыл ойлау мен заманауи технологияларды тиімді қолдануды талап етеді. Осы талаптарға толық сай келетін педагогтердің бірі – Ильясов Даулет Хабидуллаұлы, Ертіс ауданының «Шоқан Уәлиханов атындағы ЖОББМ биология пәнінің мұғалімі.
Даулет Хабидуллаұлының айтуы бойынша, бүгінгі биология сабағы оқушыны тек ақпарат қабылдаушы емес, зерттеуші тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Осы мақсатта ол оқу үдерісіне жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізіп, дербестендірілген оқыту тәсілдерін қолдануда. AI технологиялары арқылы оқушылардың білім деңгейін талдап, жеке тапсырмалар ұсыну, күрделі тақырыптарды визуализациялау және кері байланысты автоматтандыру мүмкіндігі артып отыр. Бұл тәсіл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын күшейтіп, білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, ұстаз сабақ барысында цифрлық платформалар мен интерактивті құралдарды жүйелі қолданады. Дәулет Хабидуллаұлының айтуынша, қазіргі оқушылар цифрлық ортаға тез бейімделеді және визуалды, интерактивті тапсырмалар арқылы білімді тиімді меңгереді. Алайда мұғалім үшін басты міндет — оқушыларды жасанды интеллектті дайын жауап көзі ретінде емес, зерттеу мен талдау құралы ретінде қолдануға бағыттау.
Ұстаз тәжірибесінде 3D-моделдеу технологиясы да маңызды орын алады. Биологиялық құрылымдарды үшөлшемді модельдер арқылы көрсету — адам қаңқасы, жасуша құрылысы, ішкі ағзалар жүйесі мен физиологиялық үдерістерді түсіндіруде ерекше нәтиже береді. Мұндай тәсілдер оқушылардың кеңістіктік ойлауын дамытып, теория мен тәжірибенің арасындағы байланысты нығайтады.
Педагогикалық қызметпен қатар, Даулет Хабидуллаұлы Ертіс ауданында құрттар мен жәндіктерге қарсы күрес жүргізетін ғылыми топты басқарады. Оның айтуынша, аталған зерттеулер жәндіктердің биологиялық ерекшеліктерін зерделеу, көбею ошақтарын анықтау және экологиялық қауіпсіз әдістер арқылы популяциясын азайтуға бағытталған. Бұл жұмыстар аймақтың санитарлық жағдайын жақсартуға септігін тигізіп келеді.
Ғылыми-зерттеу қызметін оқу үдерісімен ұштастыра отырып, ұстаз оқушыларды да зерттеу жұмыстарына тартуда. Оқушылар бақылау жүргізу, деректер жинау және нәтижелерді талдау секілді қарапайым ғылыми кезеңдерге қатыса отырып, биология ғылымына қызығушылық таныта бастайды. Бұл тәжірибе олардың ғылыми ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Экологиялық ойлауды қалыптастыруда биология пәнінің маңызы зор екенін атап өткен ұстаз теориялық білімді жергілікті экологиялық мәселелермен байланыстырудың тиімді екенін айтады. Мұндай тәсіл оқушылардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.
Заманауи биология мұғалімі пәндік біліммен қатар цифрлық сауаттылыққа, зерттеушілік дағдыға және үздіксіз кәсіби дамуға дайын болуы тиіс. Ал жас мұғалімдерге ол технологияларды кезең-кезеңімен меңгеріп, оларды білім сапасын арттырудың құралы ретінде қолдануға кеңес береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1151576?lang=kk

Жауап қалдыру