
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов ауданға жасаған жұмыс сапары барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында еңбек етіп жатқан бірқатар кәсіпкерлердің қызметімен танысты.
Алдымен 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық несие алған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мал сою пунктіне барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Кооператив төрағасы Бауыржан Көлдеевтің айтуынша, аталған мал сою пункті тәулігіне 40 бас мал союға қауқарлы. Қазіргі таңда сұранысқа байланысты шаруалар мен жеке азаматтардың малы сойылып жатыр. Жобаны жүзеге асыру мақсатында өндірістік кооператив мүшелері 24 720 000 теңге көлемінде несие алып, нәтижесінде 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ералы Лұқпанұлы кәсіпкермен кездесу барысында мал сою пунктінің негізгі қызметімен танысып, жобаны одан әрі жандандыру үшін жұмысты жетілдіріп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қажеттігін атап өтті.
Еліміз бойынша «Ауыл аманаты» жобасының жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Себебі бұл жоба арқылы көптеген азаматтар кәсіпкерлікке бет бұрып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде.
Қазіргі таңда жоба қатысушыларының 50 пайызы Арал қаласының тұрғындары болғандықтан, өткен жылы қала орталығында «Бизнес-инкубатор» шағын өндірістік орталығы ашылған болатын. Бүгінде бұл орталықта «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер табысты жұмыс істеуде.
Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы аталған орталықтың жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті. Ол шығарылып жатқан өнімдердің қоғам үшін, аудан тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Әсіресе түйе мен ешкі сүтінен, сондай-ақ түрлі табиғи шөп қоспаларынан дайындалатын сабын өнімдерінің нарықтағы сұранысы жоғары болатынына ерекше тоқталды.
Сапар барысында Ералы Тоғжанов елдің әлеуметтік ахуалын жақсартып, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағытталған осындай игі жобалардың алдағы уақытта да кең көлемде жүзеге асырылуы қажеттігін айтты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral/press/news/details/1151906?lang=kk

Жауап қалдыру