Ербол Қарашөкеев Байзақтағы ірі агроөнеркәсіптік жобалардың жұмысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, ауыл шаруашылығы саласындағы ірі жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
 
Өңір басшысы алдымен «Айымкүл» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі, сыйымдылығы 15 мың тонна көкөніс пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған қоймаға барды. Аталған жобаға 1 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 750 млн теңгесі – жеке қаражат, ал 250 млн теңгесі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Қоймада 5 тұрақты жұмыс орны ашылып, маусым кезінде қосымша 20 адам еңбекпен қамтылады. Қазіргі таңда 1 мың тонна пияз сақтаулы тұр. Мұндағы өнімдер аудан және облыс аумағына жөнелтіледі.
 
Облыс әкімі бұл нысан агроөнеркәсіп саласының серпінді дамуына оң ықпал ететінін айтып, жоба бастамашыларына сәттілік тіледі. 
 
2025 жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 28 млрд теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске асырылды Оның ішінде жалпы қуаттылығы 30,3 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс сақтау қоймасы бар.
 
Сапар барысында аймақ басшысы «Алель Агро» АҚ-ның өндірістік қызметімен де танысты. Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданы құс шаруашылығын дамытуда көш бастап тұрғанын атап өтіп, кәсіпорынға жергілікті атқарушы органдар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды. 
 
Сонымен қатар облыс әкімі «Нұрлыжай» шаруа қожалығына қарасты 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының жұмысын көрді. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайды. Ферма жылына 10 мың тонна сүт және сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Чехия Республикасынан 90 бас симментал және 40 бас қара-ала асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алынған.
 
Айта кетейік, биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығын дамытуға 50,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 37,1 млрд теңге субсидиялауға, 6,5 млрд теңге Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға, ал 7 млрд теңге «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыруға бағытталмақ.
 
Биыл салада жалпы құны 35,1 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында 6,5 млрд теңгеге 6 инвестициялық жобаны несиелендіру жоспарлануда. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласына 86,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту межеленіп отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1152019?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді