Алдағы жылдары ауданда құны 1,7 триллион теңгені құрайтын 4 жоба іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте атап өтті.
– Біз өткен жылдан бастап Президентіміздің және аймақ басшысының қолдауымен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты бірқатар келіссөздер жүргіздік. Жобалар ұлттық цифрлық платформаға енгізілген.
Мемлекет басшысының ерекше қолдауымен ауданда 2026-2028 жылдары «Қызылорда Энерджи ЛТД» серіктестігінің «Қуаттылығы 1100 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Құны 1,6 триллион теңгені құрайтын жобаға
280 гектар жер учаскесі анықталып, резервке алынды (100 гектарына газ-электр станциясы салынады).
Құрылыс жұмыстары биыл басталып, жоба жүзеге асқанда 510 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Екінші – Ұлттық цифрлық платформа бойынша «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің «Жүгері дақылын терең өңдеу зауытын салу» жобасының құны – 40 млрд. теңге.
Аймақ басшысының қолдауымен 2026-2027 жылдары жүзеге асатын жоба аясында инвестор бірінші кезеңде кептіру қондырғысын орнатады. Қазіргі таңда 35 гектар жер дайындалып, құрылыс жұмыстары басталуда. Жоба іске асқанда 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Үшінші – «СЕПМЕМ» компаниясымен «Газ өндіру зауытының құрылысы» жобасына байланысты келіссөздер жүргізілуде. Жоба құны 41 млрд. теңгені құрайды. Жобаны компания толық қаржыландырып, меншікті технологияларды, негізгі жабдықтарды және инженерлік құрылыс қызметтерін жүргізеді.
Қазіргі таңда қажетті 20 гектар жер телімі нақтыланды. Жоба жүзеге асқанда 100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Төртінші – құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын Шаған ауылындағы «Қуаттылығы 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы» жобасы. Жобаны «Раманов» шаруа қожалығы биыл бастап, 2027 жылы іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 15 жаңа жұмыс орны ашылатын болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.