
Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен Нұра кентінің 2026 жылға арналған даму жоспарын қарауға арналған кеңес өтті.
Кеңес барысында кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, елді мекенді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту және бұл бағытта заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану мәселелері қаралды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кент аумағын көгалдандыру, жасыл аймақтарды көбейту және экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жоспарлар сөз болды.
Отырыс аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша кент тұрғындарынан түскен ұсыныстар да назарға алынды. Аталған жоба шеңберінде тұрғындар тарапынан кенттің дамуы мен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған барлығы 45 ұсыныс келіп түсті. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта жан-жақты және терең қаралып, олардың өзектілігі мен маңыздылығына қарай үш жылдық кезеңге бөлініп, кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда. Ұсыныстарды жүзеге асыру бюджет қаражатының бөлінуіне байланысты жүргізілетін болады.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Нұра кентінің аудан орталығы екенін атап өтіп, оның әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру аудан басшылығының тұрақты әрі басым міндеті болып қала беретінін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk/press/news/details/1150486?lang=kk

Жауап қалдыру