
Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабековтың төрағалығымен қызылша жұқпасының эпидемиологиялық жағдайына арналған штаб отырысы өтті.
Кездесу барысында қала аумағындағы қызылша ауруының қазіргі ахуалы, атқарылып жатқан алдын алу шаралары, сондай-ақ жоспарлы және қосымша иммунизация жүргізу барысында туындаған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Талдықорған қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Сәуле Ахан баяндама жасап, онда қала бойынша қызылша жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы әлі де тұрақсыз екені айтылды. 2025 жылғы қараша айынан бүгінгі күнге дейін 61 жағдай тіркелген. Эпидемиологиялық тергеп-тексеру нәтижесінде сырқаттанғандардың 90 пайызы жоспарлы вакцинациядан бас тартқан азаматтар екені атап өтілді.
Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков:
– Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында қарым-қатынаста болған тұлғалар мен жоспарлы екпеден өтуі тиіс тұрғындар арасында иммунизация жүргізу кезінде бірқатар қиындықтар туындауда. Бұл өз кезегінде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың жедел таралу қаупін арттыруы мүмкін. Осыған байланысты «Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі» қағидатын басшылыққа ала отырып, иммунизацияны тиімді ұйымдастыру, тұрғындар арасында егу деңгейін 95 пайызға жеткізу және халыққа арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет, — деді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1150694?lang=kk

Жауап қалдыру