
Бүгін Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Заң мен тәртіп жолындағы 5 жыл» атты өңірлік форум өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, құқық қорғау органдарының жетекшілері мен сала ардагерлері қатысты.
Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы сала мамандарының атқарған еңбегіне жоғары баға беріп, құқықтық тәртіп пен экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы табысты жұмыстары үшін алғыс білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда» деген болатын. Сондықтан Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменттің құрылуы жай ғана әкімшілік шешім емес, жаңа өңірде орнықты экономикалық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз. Қоғамның құқық қорғау органдарына қоятын талабы күннен-күнге артып келеді. Сіздер жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізесіздер деп үміттенемін. Басты мақсатымыз – тұрғындарымыздың тыныштығы мен өмір сапасын қамтамасыз ету. Осы салада жұмыс істеп жатқан барша азаматтарды бес жылдық белеспен шын жүректен құтықтаймын», – деді облыс әкімі.
2022 жылы Абай облысының құрылуына байланысты Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық бөлімшесі ретінде Абай облысы бойынша экономикалық тергеп -тексеру департаменті құрылды. Департамент өңірде заң бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Облыстағы өзекті мәселелердің бірі – заң бұзушылықпен басталған коммерциялық тұрғын үйлердегі үлескерлердің мәселесі. 2022-2024 жылдар аралығында жүргізілген талдау нәтижесінде Семейде жалпы 547 үлескері бар 17 көпқабатты коммерциялық тұрғын үй анықталды. Аталған нысандардың 9-ы бойынша соттың мәжбүрлеп бұзу туралы шешімі шыққан. Мәселені шешу мақсатында Абай облыстық прокуратурасы, Экономикалық тергеп-тексеру, Әділет және Полиция департаменттері өкілдерінің қатысуымен бірлескен отырыстар өткізілді. Нәтижесінде 282 үлескердің мәселесі оң шешімін тапты.
Шара барысында Абай облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ержан Бөлегенов бірқатар қызметкерлерге «Қаржылық мониторинг агенттігіне 5 жыл» естелік төсбелгісі мен Алғыс хатттарды тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1152023?lang=kk

Жауап қалдыру