
ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫМЫЗ ҮШІН ЖАСАЛАТЫН ТАҢДАУ
Ақпан айының алғашқы бейсенбісі яғни, 5 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні. Атаулы күнге орай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғұбашев Қабыл Рамазанұлымен «Нарын таңы» газетінің тілшісі Жоламан Дәулетиярмен сұхбаттасқан болатын. Болған сұхбатымызға сайлау, оның өміріміздегі маңызы мен мәні өзек болды.
– Алдымен, сайлау жөнінде, оның мән-маңызы дегенде не айтар едіңіз?
– Сайлау – бұл билікті қалыптастыру тетігі ғана емес, сонымен бірге әр азаматтың өз елінің болашағы үшін жауапкершілігі де саналатын іс. Ол елдің әрбір азаматына өзі Отаны деп танитын елдің келешегінің кемелдене түсуіне үлесін қосуға мүмкіндік береді. Сол сайлау арқылы сайлаушы мемлекеттің даму бағытын айқындауда азаматтық ұстанымын танытып, болашаққа деген сенімін білдіреді.
Жалпы алғанда, сайлауға қатысу сайлаушының қоғам алдындағы өзіндік міндетін сезінуінен басталады. Әрбір берілген дауыс елдегі әділдікке, тұрақтылыққа және халықтың мүддесінің қорғалуына әсер етеді. Прогреске ұмтылу және сайлау процестеріне қатысудың маңыздылығын түсіну – мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосу ғана емес, жарқын болашақ үшін жасалатын саналы таңдау. Ал, саналы таңдау жасай білген халық ғана мемлекеттің алға басуына себепші.
– Сайлау күніне қатысты қандай пікіріңіз бар?
– Кез келген мемлекеттің демократиялық бастауының өлшемі әділ сайлаулармен айшықталады. Ал сайлаудың маңызы жөнінде жоғарыда айтылды. Бұл орайда ақпан айының алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленіп, ол Біріккен Ұлттар Ұйымынының шешімімен бекітілуінің өзі үлкен мәнге ие.
Биылғы жылы 5-ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні. Біздің еліміз бойынша алып қарағандағы бұл күннің мақсаты – тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру. Болашақ сайлаушыларымыздың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заңды құрметтеуге, өз пікірін жауапкершілікпен, ашық білдіруге үйрету. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда әділдік пен сенім орнайтыны хақ.
Осы бағытта сайлаушыларға сайлаудың маңыздылығын түсіндіру бағытында Дүниежүзілік сайлау күніне орай болашақ сайлаушылар арасында, сонымен қатар мүгедектігі бар сайлаушылар және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен түрлі форматта кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру қолға алынып келеді. Ауданымызда белсенді жастар арасында Жас сайлаушылар клубының ашылуы жастардың электоралдық мәдениетін арттыруға, жас азаматтардың құқықтық санасы мен белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға бағытталып отыр. Аталған клуб сайлау процесінің өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін талқылау, сондай-ақ, білімдерін жетілдіру бағытында диалог алаңына айналатына сенімдімін.
– Осы ретте аудандағы сайлаулардың ұйымдастырылуы, өткізілуі қандай деңгейде деген де сауал туындайды. Бұған не айтасыз?
– Өткен 2024 жылы аудандағы 4 ауылдық округте, оның ішінде Зинеден ауылдық округінде мерзімінен бұрын өтсе, ал Тұщықұдық, Аққыстау, Қамысқала ауылдық округтерінде өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты әкім сайлауы өтті. Аудан жастарының мемлекеттік қызметке белсенділін, өз құқығын жетік білетінінің бір айғағы деуге болатын жайт, ҚР сайлау туралы заңының 27-бабына сәйкес әкімдікке үміткерлердің ұсыныстары негізінде облысымызда алғашқы рет біздің ауданда округ әкіміне үміткерлер арасында жария пікірсайыс өткізіліп, үміткерлер сайлаушыларға сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, онлайн режимінде сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді.
Ауданда мүгедектігі бар адамдардың да сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы әркез назардан тыс қалған емес, олардың сайлау учаскелеріне кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету ұдайы назарда. Өткен жылы аудандағы аумақтық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелері (160 адам) онлайн режимінде «Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қажеттіліктері» тақырыбында оқыту семинарынан өтіп, нәтижесінде алған білімдерін тест арқылы дәлелдеп, сертификатталды.
Жалпы айтқанда, сайлау – әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын еркін білдіретін маңызды қоғамдық-саяси үдеріс. Осы бағытта аудан сайлаушылары әрдайым жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, сайлау науқанына белсенді қатысып келеді. Бұл – аудан халқының саяси мәдениетінің жоғары екенінің, ел тағдырына жанашырлығының айқын көрінісі.
Мереке қарсаңында баршаңызға зор денсаулық, елімізге тұрақтылық пен өркендеу, азаматтық белсенділігіміз артып, ел дамуына қосар үлесіміз арта берсін деп тілек білдіремін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-isatai/press/news/details/1151988?lang=kk

Жауап қалдыру