
Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.
Аймақ басшысы әуелі Қарауыл ауылында баспана кілттерін табыстау рәсіміне қатысты. Екі пәтерлі төрт тұрғын үй әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған.
Әрбір тұрғын үйдің жалпы ауданы – 85 шаршы метр. Барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған. Екі пәтер үйі авариялық жағдайда деп танылған тұрғындарға берілсе, қалған бес пәтер көпбалалы отбасыларға үлестірілді.
Облыс әкімі баспаналы болған тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
«Шыңғыстау атырабы – қазақ рухының қайнар көзі, қара өлеңнің төрі. Жидебайдай қасиетті мекенімен күллі елге қастерлі өлке. Өткен мен бүгінді, тарих пен тағдырды жалғаған қасиетті өңір. Осындай киелі топырақта бүгін ел үшін елеулі, халық үшін қуанышты сәтке арнайы жиналып отырмыз. Бірнеше өңір тұрғыны бүгін баспана тойын тойламақ. 7 отбасы баспаналы болғалы тұр. Бір айта кетерлігі, бұл – биылғы жылдың Абай ауданындағы алғашқы баспана қуанышы. Бұл үрдіс жыл соңына дейін жалғасады. Ауданда 40-тан астам тұрғын үйлі болады. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бүгін табысталатын әрбір баспана – бір отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы, балалардың болашағына жол ашқан игі бастама», – деді аймақ басшысы.
Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
«Жаңа баспанаға қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Халықтың жағдайын жасап, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға алғыс айтамыз», – деді Қарауыл ауылының тұрғыны Қарлығаш Бақытбекқызы.
Былтыр Қарауыл ауылында көп жыл бойы қараусыз тұрған ғимарат қайта жаңғыртылып, 27 пәтерлі тұрғын үйге айналды. Мұнда 1 бөлмелі 6 пәтер, 2 бөлмелі 16 пәтер, 3 бөлмелі 5 пәтер бар. Қазіргі таңда барлық 27 пәтердің құжаттары «Отбасы банк» АҚ-ға берілген.
Облыс әкімі аталған тұрғын үйді аралап көрді. Осы маңдағы көп қабатты үйлердің жылу жүйесі қатты отынмен жұмыс істейді. Бұл төтенше жағдайлар талаптарына толық сәйкес келмейтіндіктен, ортақ жылу қазандығын салу қажеттігі туындап отыр. Аудан әкімі Мейіржан Смағұлов аймақ басшысына осы мәселені жеткізді.
Облыс әкімі ұсынысты қолдап, жылу қазандығын салуға тиісті қолдау көрсетілетін айтты. Жаңа қазандық салынса аудан орталығындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды жылумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1152127?lang=kk

Жауап қалдыру