
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Басқосуда облыс әкімі 2025 жылы қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарларды таныстырды.
– Өңірде атқарылған әрбір жұмыс жамбылдықтардың бірлігі мен татулығын айқын көрсетеді. 2026 жылы облысымызда тұрақтылық пен келісім сақталып, Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттер сапалы әрі табысты іске асырылатынына сенімдімін, – деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан соң аудан әкімі Олжас Баққараевтың 2025 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есебі тыңдалды.
Аймақ басшысы кездесу барысында бірқатар салаға қатысты өзекті мәселелерді елеп-екшеді.
Атап айтқанда, аудандық білім бөлімі басшысының лауазымы бос тұрғанын, балаларды қосымша біліммен қамту үлесінің төмен екенін, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімсіздігін сынға алып, аудан әкімі мен салаға жауапты орынбасарларынан нақты жауап алды.
– Халықтың ең көп шағымы түсетін медициналық ұйымдардың бірі – Байзақ аудандық орталық ауруханасы. Өткен жылы арыз-шағымдар 1,9 есеге артқан. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігінде ешқандай кедергі болмауы тиіс. Денсаулық сақтау басқармасының басшысына бұл мәселені жеке бақылауына алуды тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Жиын барысында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Байзақтық Амангелді Әлімбаев аудандағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін каналдардың тозығы жеткеніне назар аударды.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев бұл мәселенің өзекті екенін атап өтіп, биыл жоспарға сәйкес каналдар кезең-кезеңімен жөнделетінін жеткізді. Сонымен қатар табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалына жұмысты тиімді ұйымдастырып, жылдарға созбай, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті.
Бұдан бөлек, балаларға арналған шағын футбол алаңшасын салу, аудандық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, ауызсу жинау нысанын жөндеу, пошта мен балабақша ғимараттарын көгілдір отынмен қамту, көшелерді жол және жарықпен қамтамасыз ету, ардагерлер аллеясын ашуға жер бөлу, газ қуатын арттыру және жаңа автобус бағытын ашу бойынша ұсыныс-тілектер айтылды.
Облыс әкімі көтерілген түйткілдерді мұқият тыңдап, барлық өтініш-тілектер назардан тыс қалмайтынын ескертті.
Сонымен бірге аудан әкімдігіне қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын басты назарда ұстай отырып, іске асырылып жатқан жобалардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді, бөлінген қаражаттың уақытылы әрі заңнамаға сәйкес игерілуіне жіті көңіл бөлуді, сондай-ақ өзге де өзекті міндеттердің сапалы орындалуын тапсырды.
Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Айта кетейік, 2025 жылы өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 757 кездесу өткізді. Оған 42 мыңнан астам адам қатысты. Кездесулер барысында тұрғындар жалпы 2 582 мәселе көтерді. Оның ішінде: 1 202 мәселе оң шешімін тапты, 610 мәселеге түсініктеме берілді, 770 мәселе бақылауға алынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1152051?lang=kk

Жауап қалдыру